15 қараша 2019 жыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумы өтеді. Ауқымды шараны ҚР БжҒМ, АжҚДМ, «Жандану әлемі» қоры, «Жас Отан» жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар Одағы, «Қазақ радиосының» қолдауымен ҚазҰУ және Алматы қ. әкімдігі ұйымдастырып отыр.
2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Жастар жылы - мемлекеттің елеулі әрі белсенді бөлігі, зияткерлік және шығармашылық әлеуеттің иесі - жас ұрпаққа мемлекеттің зор әрі ерекше қамқорлығының көрінісі. Мемлекетіміздің өркендеуі жастардың қоғам дамуына қандай үлес қосатындығына байланысты. Әрбір жас азамат өзіне: «Мен, елім үшін не істей аламын?» - деп сауал қоюы өте маңызды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумының басты мақсаты – инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамыту екендігін баса айта кетпекпіз.
Форум бағдарламасына 2013 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы кірді.
Жыл сайын Ұйымдастыру комитетіне түскен жобалар мен шығармашылық жұмыстар санының артуы - байқаудың танымалдылығы мен қажеттілігінің дәлелі. Форум ел көлемінде жастардың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін және зияткерлік-шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Жастар жылы - жастар бастамаларын ынталандыруға және қолдауға жаңаша серпін берді. Форум қоржынына парасаттылық қағидаттарын студенттік ортада ілгерілету бойынша жобалар, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар өкілдерінің идеялары қосылды.
Биыл ұйымдастыру алқасына байқауға қатысу үшін еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар, ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Беделді сарапшылардан, қоғам қайраткерлерінен, мемлекеттік құрылымдардың, БАҚ пен бизнес өкілдерінен, ғалымдар,дан мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстар ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды.
Форумның бірінші күнінде тақырыптық алаңдарда конкурстық жұмыстар ұсынылып, жеңіске басты үміткерлер анықталды. Іріктеуге қойылған талаптар өте жоғары болды: шешімдердің алуандығы, шығармашылық көзқарас, тұжырымдамалық және ең бастысы, адамдар мен жалпы ел үшін күтілетін нақты пайда. Келіп түскен жобалық идеялар деңгейінің жоғарылығы мен сапасын атап өткен жөн. Бұл Қазақстанның жаңа буынының талантын көрсетеді.
Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне Вице-премьер Б.М. Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектенов, Алматы қ. әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаров, ҚазҰУ ректоры академик Ғ.М. Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінде қызмет ететін жастар қатысады.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын иегерлеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты беріледі, үміткерлердің шығармашылық жұмыстары арнайы жинақта жарық көреді.
Шараның өтетін орны мен уақыты: Алматы қ., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, студенттік инновациялық жобалар көрмесінің және форумның ашылуы сағат 9.00-де басталады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
8 (727) 377 31 48, 8 707 300 1771.