«INVERSE PROBLEMS IN FINANCE, ECONOMICS AND LIFE SCIENCES»

20 қараша, 2019

  2019 жылдың 31 тамызы мен 4 қыркүйегі аралығында академик Ғ.М. Мұтановтың төрағалығымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында «Қаржы, экономика және өмір туралы ғылымдағы кері есептер» атты халықаралық ғылыми конференциясы өткізілді. Конференция Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен (Қазақстан), Математика және механика ғылыми-зерттеу институтымен (Қазақстан), РҒА СБ есептеу математикасы және математикалық геофизика институтымен (Ресей), Шанхай қаржы және экономика университетімен (ҚХР), Тяньцзинь қаржы және экономика университетімен (ҚХР), Шетелдік сарапшыларға арналған мемлекеттік әкімшіліктің қолдауындағы «The Belt and Road» жобасымен (ҚХР) және Шанхайдағы заманауи қолданбалы математиканың негізгі зертханасы қолдауымен (ҚХР) бірге өткізді. Айта кету керек, қоғам, ғылым және экономика интеграциясын көрсететін мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр.

  Конференция әр түрлі бағыттағы кері және қисынсыз есептерді шешудің заманауи сандық әдістерін әзірлеудегі, соңғы жетістіктерімен, ғылыми жұмыстарының нәтижелерімен бөлісетін әлемге әйгілі ғалымдарды, сонымен қатар қолданбалы математика мәселелерін зерттейтін жас мамандарды шақыру мақсатында өткізілді.

  Халықаралық ғылыми конференцияға математика және математикалық модельдеу саласындағы 90-нан астам ғалым қатысты. Оның ішінде: Ресей университеттерінен 10 ғалым, Қытайдың жетекші университеттерінен 7 ғалым және Қырғызстан университеттерінен 2 өкіл, 60 жетекші қазақстандық университеттер мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияда экономика, қаржы және өмір туралы ғылымның кері және қисынсыз есептерін шешудегі келешегі зор бағыттар туралы қызықты баяндамалар тыңдалды.