Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спорт кешенінде тұңғыш рет ҚазҰУ-дың 85 жылдығына орай «Қазақ университеті барсы» атты студенттер арасында қазақша күрестен жарыс өтті. Жарысты «Атамекен» студенттік патриоттық клубы ұйымдастырды.
ҚазҰУ спорт кешенінде тек күрестің алты түрінен – дзюдо, самбо, еркін күрес, грек-рим, сумо және қазақша күрес бойынша секциялар жұмыс істейді. Оларды тәжірибелі жаттықтырушылар баулып, жекпе-жек спортының әртүрлі тәсілдеріне үйретеді, осы жерден жаттығып, шыңдалып шыққан талай балуандар үлкен додаларға түсіп әлемдік кілемге шығып жүр. Қазақша күрестен университетте 20 жыл бойы үзбей жарыстар өткізіледі. ҚазҰУ балуындары жалпыстуденттік универсиадаларда үнемі жүлделі орындарды жеңіп алады, үш рет қатарынан «барс» атанды.
Алдағы уақытта «Қазақ университеті барсы» турнирін өзіміздің ішімізде ғана емес, ҚазҰУ-дың осы спорт кешенінде республикалық жоғары оқу орындары арасында өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі өтіп жатқан турнир бір жағынан, алда ондаған жоо студенттері қатысатын үлкен жарыстарға дайындық болмақ. ҚазҰУ балуандары көктемгі универсиадада жақсы нәтижелер көрсетіп, басым жеңіске жетеді деген сенімдеміз, - дейді қазақша күрес секциясының жаттықтырушысы Файзолла Қойшыманов.
ҚазҰУ-да бірінші рет өтіп жатқан «Қазақ университеті барсы» турниріне университеттің барлық факультеттерінен қатысып жатқан балуандардың жалпы саны 150, олардың ішінде 4 – халықаралық кластағы спорт шеберлері, 15 – спорт шеберлері және 50 шақты спорт шеберлеріне кандидаттар бар, қалғандары І разрядтағы спортшылар. Бұлардың қай-қайсысы болмасын «барс» атағына лайықты балуандар. Жүзден – жүйірік, мыңнан – тұлпар, дегендей нағыз балуан осындай көптің ішінен суырылып шығып, жарыстың жеңімпазы атанады. «Дзюдо, самбомен 10 жастан бастап айналысамын. Метепте 9 сыныпта жүргенде спорт шеберлігіне кандидаттық нормативін орындадым. Күрестің барлық түрлерінен жарыстарға қатысқам, ал қазақша күреске бірінше рет түсіп тұрмын. 65-75 келі аралығындағы салмақта күресемін. Бірінші айналымнан жеңіп шықтым, енді келесі турды күтудемін», дейді заң факультетінің ІІ курс студенті Сабыржан Исабеков.
Турнирдің бірінші айналымында жеңіп шыққан ИТФ 2 курс студенті Ернұр Тоғжановтың көңіл-күйі жақсы: «Жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазақша күреспен айналысып жүргеніме үш жыл болды, жарысқа қатты дайындалдым. Қазіргі жеңісім мені қанаттандырды, әрі қарай күресуге дайынмын. Өзімнің күшіме сенемін және жеңістен үміттенемін», деп ойымен бөлісті.
Балуандар күні бойы 75 келіге дейін және 75-тен жоғары екі салмақ категориясы бойынша финалға шығу үшін барын салып кілем үстінде күш сынасты. Турнир соңында жеңімпаздар анықталып, 75 келіге дейін салмақта Марат Нығматуллаев «ҚазҰУ барысы-2019», атағына ие болды. Осы салмақта 2 орынды Дәулет Ниетбай жеңіске жетті, ал 3 орынды Елдар Ақылжан мен Асқар Нарқұлов бөлісті. Салмағы 75 келіден жоғары балуандар арасында «ҚазҰУ барысы-2019» атағын Аслан Сағымбек жеңіп алды, 2 орынды Ерзат Арғынов, 3 орынды Айдос Рахметов пен Айдын Бердіқұлов иеленді.
– Біз бұл шараны Қазақстан қазақша күрес федерациясымен бірлесіп бірінші рет ұйымдастырып жатырмыз, - деді турнир нәтижелерін қорытындылаған «Атамекен» жастар патриоттық клубының президенті, ИТФ 4 курс студенті Нұрболат Өмірханов. – Турнирге университеттегі барлық факультеттердің өкілдері қатысты. Бұл өте маңызды спорттық шара, оның мақсаты ұлттық спортымыз – қазақша күресті университетімізде дамыту. Балуандар алдын ала іріктеу турнирінен өтті. Ең мықтылары финалға шықты, нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Оларды ақшалай сыйлықтармен марапаттадық. Сыйлық қоры 350 мың теңге: 1 орын – 80 мың теңге, 2 орын – 40 мың және екі 3 орынға – 20 мың теңгеден берілді. Ең бастысы – турнирге қатысушылар қайраттарын, күш-жігерлерін, спорттық рухтарын көрсететін теке-тірес сынақта барын салып, намысқа тырысып жеңіске жетуге ұмтылды. Осы турнирде жеңіске жеткен балуандар көктемгі жалпыстуденттік универсиадаға қатысады.