Куратор-эдвайзер тәжірибесін толықтырған семинар

6 қаңтар, 2011

Классикалық үлгідегі университеттен Ұлттық зерттеу университетіне айналу барысында тәрбие жұмыстарын да нығырлап, жандандыру керек. Осы орайда білім ордасында маманданып жатқан студенттің тәрбие саласына бірден бір жауапты тұлға – куратор-эдвайзер екендігін ескерген ҚазҰУ-дың Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменті 5-6 қаңтар аралығында философия және саясаттану факультетінде университеттің куратор-эдвайзерларына арнап семинар өткізді.

Семинарда Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Шолпан Ерболқызы Ұлттық зерттеу университеті құрылымындағы тәрбие жұмыстарының үлгісі тақырыбында баяндама жасады. Елбасының қазақстандық бірнеше жоғары оқу орындарының әлемдік топ университеттер қатарына енуіне орай айтқан нақты тапсырмасын жүзеге асыру үшін ұлттық зерттеу университетіне айналу тиімді болмағын назарда ұстаған проректор Шолпан Жаманбалаева өз баяндамасын студенттермен тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында ескерілетін негізгі талаптарға арнады. “Оқу-тәрбие жұмысының негізгі бағыттары кәсіби-еңбектік тұрғыдан тәрбиелеу, азаматтық-құқықтық және рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу бағыттарын қамту керек”, - дей келе, қара шаңырақтың куратор-эдвайзерларын: “Тәрбие жұмыстары студентті тұлға ретінде қалыптастырып, оның әлеуметтік және мәдени әлеуетін арттыруға ықпал ету қажет”, - деген ұйғарымға шақырды. Сонымен қатар, тәрбие жұмыстарын жетілдіруді жан-жақты таразылаған баяндамада волонтерлық бағдарламаларды да дамыту керек деген ұсыныс айтылды. Бұл жобаны мұражай, кітапхана тағы да басқа ошақтарда жүзеге асыруға болатындығын тілге тиек еткен Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор алдағы уақытта жұмысты жандандыру үшін университеттің 500 үздік студентін анықтау, корпоративті мәдениет қалыптастыру сияқты бірнеше игі істерді біріге атқаруда ұжым болып атсалысуға үндеді. Ұлттық зерттеу университеті құрылымындағы тәрбие жұмыстарының үлгісі тақырыбын арқау еткен баяндамадан кейінгі кезек Жалпы және этникалық педагогика кафедрасы мамандарының жетекшілігімен өткізілген тренингке келді. Мұнда куратор-эдвайзерлар “Старостаны қалай таңдау керек? Старостаның міндеттері қандай? Старостаға қандай сапалық талаптар қойылады? Қандай студент старосталық міндетке ие бола алмайды?” деген ортақ сауалдарға өзіндік жауап берумен қатар “Өз ойыңыздағы староста бейнесін (үлгісін) жасаңыз" деген сұраққа жауап берді. Бұл кезең куратор-эдвайзерларға арналған семинарды қызықты ете түсті. Әр оқытушы өз ойын еркін білдірумен қатар, топ басшысын таңдап, сайлау кезінде кездескен тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, көшбасшылық қасиетке ие студенттер бір топқа жиналғанда топ басшысын сайлауда туындайтын қиындықтарды қалай игергендіктері туралы да пікір алмасты. Университеттің 14 факультеті бойынша жиналған куратор-эдвайзерлардың жоғарыдағы сұрақтарға жолдаған сауалдары да алуан түрлі болды. Студент тәрбиешісінің жауаптары бірін-бірі толықтырумен қатар, өзінше дара ой-пікірлермен ерекшеленіп жатты. Осы кезекте халықаралық қатынастар және Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты кафедрасының доценті Сейфулла Сапанов: “Бүгінгі топ басшы ертеңгі ел басқаратын көшбасшылар екендігін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да староста бойында біріншіден, Отансүйгіштік, патриоттық сезім болуы керек. Одан кейін өзінің пікірін анық жеткізе алатын, көпшіл, адамгершілігі жоғары, үздік студент болу керек”, - деген пікірін жеткізді. Ал аймақтану және әлемдік экономика кафедрасының доценті Молдахмет Мырзабеков: “Староста деканаттың өкілі. Староста куратор-эдвайзер мен студенттер арасындағы дәнекер. Сондықтан бұл тұлға алдымен көпшіл, әділетті, кішіпейіл болуы керек. Староста еңбекққор, тіл табысқыш болуымен бірге топ студенттерінің әлеуметтік жағдайынан хабардар болып отыруы”, - керек деген ойын білдірді. Сондай-ақ, семинар сұрақтарына: “староста жауапкершілігі мол, оқуда озат, адамгершілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті басым сонымен бірге ақпаратты дер кезінде жеткізу секілді қасиеттерге ие болу керек”, - деген ойлар да өрбіді. Осылайша куратор-эдвайзерлар студенттермен тәрбие жұмыстарын жүргізуде белгілі нәтижеге жету үшін топ старосталарының да үлесі зор екендігін бір ауыздан кесіп айтты. Сондай-ақ, тәрбиеге жете мән беріп, бірлігі жарасқан, үлгілі маман дайындау үшін старосталармен тығыз қарым-қатынасты үзбеуді мақұл көрді. Семинар жұмысының кезекті бөлімі қортындыланғаннан кейін екі күнге созылған игі шараның басты ұйымдастырушысы Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменттің директоры Гүлнәр Сәрсенбекова шығыстану, филология, география, химия және философия және саясаттану факультеті өкілдеріне семинарда ерекше белсенділік танытқандары үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, университетте маман дайындап, оқу үдерісі мен тәрбие саласын қатар дамытудағы айқын мақсаттарға жетуге бірге атсалысқан куратор-эдвайзерларға алғысын жеткізіп, екі күнде де белсенді қатысқан оқытушыларға семинардың арнайы сертификатын табыс етті. Бұл сертификат өз кезегінде қатысушыларға арнайы ұпай қосатындығын да ескеріп өткен директор студент тәрбиесіндегі куратор-эдвайзерлардың жұмыстарын жандандырып, дамытып отыру үшін алдағы уақытта мұндай семинар, тренингтер түрлі тақырыптарды қамтып, ұдайы өткізіліп тұратындығын айтты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі