Жаңа формациядағы медициналық кадрлар

11 желтоқсан, 2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Медицина және денсаулық сақтау факультеті, қоғамның жоғары сұраныстарына сай, жаңа формациядағы денсаулық сақтау мамандары мен медициналық кадрларды қажет ететін ғылыми бағытты белсенді түрде дамытуда.

Қазіргі таңдағы, ақпараттық-техникалық, сандық ғасырда, молекулярлық биология, биохимия, биофизика, био- және нанотехнология, биоинформатика, математика және өзге де жаратылыстану мен техникалық ғылымдардың түрлі салаларында білімді меңгерген, жаңа формациядағы медициналық кадрлар қажет. Қоғамның сұраныстарына сай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, 2015 жылдың желтоқсан айында, Медицина және денсаулық сақтау факультетін ашты.

Қазіргі уақытта, факультетте, медицина және денсаулық сақтау бойынша білім беру бағдарламаларының барлық, яғни бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлерінде кадрлар дярланады.

Қазақстанда алғаш рет, «Дәрігер-зерттеуші» магистратура бағдарламасы әзірленіп, авторлық құқық рәсімделді. «Медицина» және «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандықтары бойынша докторантура бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.

Факультетке шетелдік профессорлар шақырылуда. Бүгінгі таңда, ҚазҰУ Ресей, Канада, Германия, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапониядан шақырылған мамандар жұмыс істейді.

Медицина және денсаулық сақтау факультеті профессорлық-оқытушылық құрамы орындап жатқан ғылыми зерттеулерінің нәтижелері халықаралық рецензияланатын журналдарда жариялануда. Факультеттің оқытушылары мен ғалымдары, жетекші шетелдік университеттермен бірлесіп, ғылыми-зерттеу жобаларын бастап, жетісті орындап келеді.

«Денсаулық және қоршаған орта» ғылыми-зерттеу зертханасының ашылуы факультет үшін маңызды оқиға болды. Зертхана жетекшісі, PhD докторы, Хирш индекс көрсеткіші – 7 және рейтингті журналдардағы бірнеше мақалалардың авторы Винников Д.В.

Факультет, бүгінгі күні, қарқынды қадаммен дамып келеді. Осы жылы «Денсаулық» ғылыми-зерттеу институты құрылып, оған, медицина ғылымдарының кандидаты, Scopus деректер базасына енетін, жоғарырейтингті журналдардағы көптеген мақалалардың авторы, сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі зерттеу жобаларының қатысушысы К.К. Давлетов (Хирш индекс көрсеткіші - 24) жетекшілік етеді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта, халықаралық әріптестермен, атап айтқанда, Global Burden of disease project, Institute of Heath Metrics and Evaluation, Seattle, USA; NCD risk factors collаboration group, Imperial College, London, UK және т.б. әлімдік деңгейдегі ғылыми орталықтар және институттармен бірлесіп, өзге де ғылыми жобалар бойынша жұмыстар атқарылуда.

Факультет базасында, биыл, «Interdisciplinary Approaches to Medicine» медициналық журналы ашылды. Журналдың құрылымы халықаралық талаптарға сай. Журналдың саясаты, мақалаларға қойылатын талаптар әзірленді, журналдың сайтын әзірлеу, редакция алқасы мүшелерімен және пікір сарапшыларды таңдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Журналдың редакция алқасы құрамының 65% шетелдік сарапшылардан тұрады.

Факультет магистранттары мен докторанттары, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (Ресей), «МедЭвори» ғылыми-практикалық орталығы (Беларусь Республикасы), Витаутас Магнус Университеті (Литва), «Severance» клиникасы (Оңтүстік Корея), «Medical Park» клиникасы (Түркия), Орхус Университеті (Дания корольдігі), Кельн Университеті (Германия), Шығыс Каролина Университеті (АҚШ), Марбург университеті (Германия) сынды әлемнің жетекші оқу орындары мен клиникаларында ғылыми тағлымдамадан өтті.

Факультетте, «Жас ғалымдар кеңесі», «Журнал клубы», «Студенттік стартаптар», «Ғылыми хирургиялық үйірме», «Медициналық биологиялық стеденттік үйірме» және т.б. белсенді жұмыс істейді.

Сонымен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін жаңа ғылыми бағыт – медицина және денсаулық сақтау – қарқынды дамып келеді, ғылыми-инновациялық қызметке және де жоғары оқу орнының зерттеу университетіне трансформациялануына өзінің орасан үлесін қосуда.

 

Медицина факультеті