Күрестегі жеңіс

25 желтоқсан, 2019

Жуырда Ақтөбе қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтті. Аталған додада ел намысын қорғаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1 курс студенті Дәулет Ерланұлы 1 орынды иеленіп, алтын медалін қанжығасына байлады.

Аталған жарысқа қырықтан аса елдің 200 спортшысы қатысты. Олардың қатарында Украина, Франция, Германия, Ұлыбритания, Үндістан, Ресей, Норвегия, Ирландия, Австрия, Грузия, Словения, Пәкістан және басқа да елдердің балуандары бар.

Чемпионатта Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Литва және Армения мемлекеттерінен келген 8 төреші және өз елімізден 12 төреші төрелік етті.
Жарыстың бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, PhD докторы – Ербол Мырзабосынов.

Қазақ күресі халықаралық федерациясы ұйымдастырған шарада алтын, күміс, қола медальдардан бөлек үздік техника, әдемі әдіс және басқа да қырларымен ерекшеленген спортшылар арнайы марапатқа ие болды.

Ақтөбеде өткен әлем чемпионатында палуандар сегіз салмақ дәрежесінде белдесті. ҚазҰУ-дың заң факультетінің 1 курс студенті Дәулет Ерланұлы 55 келі салмақта өнер көрсетіп, Өзбекстан, Грузия, Монғолия балуандарын артта қалдырды. Дәулет Ерланұлы Ниетбай балуанның жаттықтырушысы – ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Файзулла Қойшыманов «Дәулет күрестің қыр-сырын меңгере білген болашағы зор спортшы. Ол бұл спорт түрімен жеті жылға жуық шұғылданып келеді. Осы жылдар ішіндегі әрбір айқаста ол өзіне тән мінез-құлық қалыптастырып, қарсыластарын амал айламен жеңе білді. Ал бүгінгі жеңіс сол жеті жылдағы тәжірибенің жемісі», – дейді бапкер.

www.kaznu.kz