«ҚАЗҰУ КЕНТІНІҢ» ҚАЗЫҒЫН ҚАҚҚАН

25 желтоқсан, 2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бас ғимаратындағы ең үлкен ғылыми мәжіліс залы осы университетте 11 жыл ректор болған, «ҚазМУ қалашығының» алғаш орнын белгілеп, қазығын қаққан мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Асқар Закарияұлы Закариннің есімімен аталатын болды.

Еліміздегі жоғары оқу орындардың флагманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты орналасқан бас ғимараттың 15 қабатындағы мәжіліс залына профессор Асқар Закариннің есімін беру салтанатына ғалымның ұлы Едіге, қызы Нелли, туыстары, университеттегі Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Залдың қабырғасына ғалымның суреті мен өмірбаяны жазылған үлкен стенд және С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті туралы ҚазКСР Министрлер кеңесінің шығарған қаулысы ілінген. Асқар Закариннің құрметіне арналған салтанатты жиынды ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов құттықтау сөзбен ашты.

– Еліне еңбегі сіңген азаматтарымыздың, ағаларымыздың игі істерін қадірлеп еске алмасақ, оларға баға бермесек, құрмет жасамасақ білгеніміз қайда, оқығанымыз, тәрбиеміз қайда. Болашақта жастарға тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болатын осындай іс-шараны, игі бастаманы іске асырып жатырмыз. Университетіміздегі ең үлкен, жоғары мәртебесі бар аудитория – бас ғимараттағы ғылыми мәжіліс залы. Осы залға Асқар Закариннің атын беріп отырмыз. Бұл мыңдаған студенттер дәріс, білім алатын үлкен оқу орны, залдың осы кісінің есімімен аталуы студенттерге өнегелі тәрбие беріп, білімге құлшындырады деп санаймыз. Мәжіліс залына көрнекті ғалымның есімі берілуіне байланысты баршаңызға құтты болсын айтамын! – деді өз сөзінде ректор Ғалым Мұтанов.

Осы шараға арнайы шақырылған университеттің бұрынғы ректоры Төлеген Қожамқұлов, Назарбай Блиев бастаған академиктер бір кездердегі басшылары, ұстаздары болған Асқар Закаринді еске алып, оның елге, осы оқу орнына сіңірген орасан еңбектерін жиналған жұрттың алдында баяндады. Закариннің ұлы әкесінің жолын қуған ғалым, мемлекеттік сыйлықтың иегері Едіге Асқарұлы да ортаға шығып сөз сөйледі. Осындай өнегелі, игі шараға бастамашы болып отырған университеттің ректоры Ғалым Мұтановқа алғыстарын айтты.

Еліміздегі білім беру саласының қалыптасуына ерекше еңбек сіңіріп, дамуына өлшеусіз үлес қосқан айтулы тұлғалардың бірі көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз Асқар Закарин. Асқар Закарияұлы 1950-1953 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педогогикалық институт директоры, 1953-1955 және 1961-1970 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ ректоры болды. 1958 жылы Закарин Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалды.

Қазіргі «ҚазҰУ қалашығының» тарихы Асқар Закариннің атымен тікелей байланысты.

Самая большая аудитория в КазНУ названа в честь ректора университета, основателя «КАЗГУГРАДА», государственного и общественного деятеля Аскара Закарина.

 

www.kaznu.kz