Әл-Фараби жылы ҚазҰУ-дан бастау алды
ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылу рәсімі болды. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев және университеттің құрметті қонақтары қатысты.
Мерекелік шара «Әл-Фараби орталығының» салтанатты тұсаукесері мен әдебиет және мәдениет саласының қайраткерлеріне Елбасының мемлекеттік спипендиясын тапсырудан басталып, университеттің бас алаңындағы әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен ұласты.
Студенттер сарайындағы мерекелік ресми салтанатты Қырымбек Көшербаев ашты.
Салтанатты шараны аша отырып Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу арқылы шетелде және біздің елде ұлы ғұлама мұраларын зерттеп, олардың қазіргі өркениеттің дамуындағы ықпалын терең түсінуге серпін беретіндігін тілге тиек етті.
Мемлекеттік хатшы сонымен қатар, Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгенін және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және т.б. ұйымдардың қолдауымен халықаралық мәдени алаңда кеңінен аталатындығын айтты.
«Қазақстандағы алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі әл-Фараби есімімен аталады», – деп атап өтті өз сөзінде ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша кластерлік бюросының директоры Ms. Krista Pikkat. – Университет өз қызметінде танымдық мәселелерге назар аударып, адамның мүмкіндіктерін ашу мен қабілеттерін дамытуға ұмтылады. Университет ұжымы және студенттерін осы мерекемен құттықтағым келеді, сіздерге толағай табыс тілеймін!
«Ұлы философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толу мерейтойының әлемде оның есімімен аталатын бірден-бір университеттен басталғандығы – біздер үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе дейді - ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. «Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ ғұламаның қайырымды қоғам туралы ілімінің негізінде Университет – 4.0 жаңа легінің моделін дайындап, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, ал биыл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында ұсындық. Жаңа жоба халықаралық ауқымда қолдау табуда. Осылайша, Әл-Фарабидің мерейтойы Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына жаңа серпін береді».
Әл-Фараби мерейтойы аясында Парижде, Нұр-сұлтан қаласында және Түркістан облысында, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған. Оған әлемнің 40-тан астам елінің алдыңғы қатарлы Фарабитанушы-ғалымы қатысады, халықаралық экспедициялар ұйымдастырылады, тарихи мәдени нысандар қайта жаңартылып, ғалымның ғылыми еңбектері басылып, көшірілетін болады, сондай-ақ деректі фильмдер циклі жасалып, шет елдерде әл-Фараби орталықтары ашылып және басқа да шаралар ұйымдастырылады.
Әл-Фарабидің мерейтойлық жылының ашылуында БҰҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ басшылары, белгілі шетелдік және отандық ғалымдармен қатар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты.