Таңдаулы ынталандыру

6 ақпан, 2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми мәжілісінде ҚР 2019 жылғы Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атанған авторлық ұжым атынан география ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты Ахметқал Рахметоллаұлы Медеу география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттеріне 1 млн. теңге көлемінде демеушілік шәкіртақылар табыстады.

Аталған шәкіртақы мен сертификаттарға «География» «Жерге орналастыру», «Кадастр» мамандықтары бойынша білім алып жатқан жеті студент – Жанель Алиева , Салтанат Тазабек, Гүлфат Жақсыбай, Андрей Яковенко,  Шыңғыс Исман, Дана Атымтаева, Әсем Исах ие болды.

Ұсынылған демеушілік шәкіртақы студенттердің оқу үлгерімін жақсартуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыруға және қоғамның интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға ықпал ететіні анық.

А.Р. Медеу басшылық жасайтын институт атынан бірнеше жылдар бұрын да география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының студенттеріне арнайы шәкіртақы ұсынған. Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов өзара сыйластық пен білімді дәріптеу жас ұрпаққа көрсетіліп отырған өнеге екендігін атап өтіп, ҚР БҒМ география институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2013 және 2019 жылдардағы ғылым және технологиялар саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ахметқал Рахметуллаұлы Медеу, «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен марапаттады.

География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының ұжымы марапаттау шарасына демеуші болған «География және су қауіпсіздігі институты» ұжымына зор алғысын білдіре отырып, тағайындалған шәкіртақы жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, оқу жылы барысында түрлі қажеттіліктерін алуға септігін тигізеді деген сенімде.

География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы.

www.kaznu.kz