Сабақ онлайн режимде

27 наурыз, 2020

Қазақстанның ЖОО арасында алғашқылардың бірі болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Университеттің жүздеген мың студентінің дәрістері, семинарлары мен тәжірибелік сабақтары онлайн режимде өтуде. Карантин жағдайында ҚазҰУ-дың қашықтықтан оқытудың ұйымдастырылуын тексеру және тану мақсатында университетке «Саналы ұрпақ» жобасының жетекшісі Қайыржан Токушев және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Елнар Игиликов келді.

Қонақтар қашықтықтан басқару орталығында болып, ондағы оқу жүйесі, шаруашылық және басқа да ЖОО қызметтерінің бақылану жай-күйін көрді. Сапар барысында олар қашықтықтан білім беруді ақпараттық сүйемелдеу орталығының жұмысымен танысты. «Саналы ұрпақ» жобасының жетекшісі барлығына карантин ережелерін сақтауға және кітап оқу мен өз білімін жетілдіруге қолайлы уақытты пайдалануға кеңес берді.

ҚазҰУ 16 наурыздан бастап «Универ» (univer.kaznu.kz) және «MOODLE» (dl.kaznu.kz) сынды екі ақпараттық-білім беру жүйесіндегі қашықтықтан білім беру технологияларын (ҚОТ) енгізді. Оқыту барысында ZOOM, Teams, DL және басқа да қосалқы цифрлық сервистер қолданылады.

ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов атап өткендей, университеттің дамыған IT-инфрақұрылымы бүгінде 16 факультеттің барлық студенттерін қашықтықтан оқытуды қамтуға мүмкіндік береді. Университеттің үш құрылымы қашықтықтан оқытуды жүргізуде жетекшілік етеді. Мәселен, «Универ» жүйесінде оқу үрдісінің барлық қызметін бақылауға болады. ЖБО қызметкерлері әр оқытушының кестесін бақылайды және нақты уақыт режимінде сабақтарды тексере алады.

Бүгінде ҚазҰУ Студенттер үйінде де елдегі төтенше жағдай салдарынан орын алған бұқаралық іс-шаралар мен кездесулер өткізу тоқтатылды. Барлық студенттік жатақханаларда СОVID-19 алдын алу бойынша ақпараттық парақшалар мен стендтер ілінді, және дезинфекциялау құралы бар дозаторлар орнатылды.

«Саналы ұрпақ – Жарқын болашақ» жобасы сыбайлас жемқорлықты жалпыға ортақ қабылдамау ортасын қалыптастыру арқылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты жою – стратегиялық міндетті шешуге бағытталғанын атап өткен жөн. Бағдарламаның негізгі міндеттері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар институтымен қамтамасыз етіледі. Оның негізгі мақсаты - ғалым-заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар, педагогтер, әлеуметтанушылар және ақпараттық технологиялар саласындағы мамандардың, сондай-ақ жаңа доктриналдық тәсілдер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологияларды әзірлеу үшін практиктердің күш-жігерін біріктіру.

www.kaznu.kz