Пандемиямен күресте алдыңғы шепте

10 сәуір, 2020

Бүкіл ел үшін қиын кезеңде ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің дәрігер сертификаты бар 50-ден астам магистранты мен докторанты коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы қатарында. Олар аса қауіпті дерт жұқтырған және науқастармен байланыста болған адамдарды қабылдайтын ауруханаларда жұмыс істеп, өлімге әкелетін вирусты жеңу үшін қомақты үлестерін қосуда.

Медицина факультетінің барлық клиникалық кафедраларының оқытушылары өздерінің кәсіби міндеттерін орындай отырып, науқастарды емдеп және олардың өмірі мен денсаулығы үшін күресуде. Қазіргі уақытта инфекционистер, пульмонологтар және реаниматологтар тәулік бойы Алматы қаласының медициналық мекемелерінде қызмет атқаруда. Эпидемиологтар қоршауға алынған карантиндік нысандарда және блокпостарда жұмыс істеп, науқастарды және олармен байланыста болған адамдарды тасымалдаумен айналысуда.

Сонымен қатар, 20 интерн ҚазҰУ-дың медициналық диагностикалық орталығында және №1 қалалық ауруханада волонтерлер ретінде көмек көрсетуде. Ол жерде карантин кезеңінде вирусты жұқтырғандармен байланыста болған емделушілерге арналған 400 төсек орны қарастырылған провизорлық стационары ашылған.

Саясат және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасының оқытушылары да осындай игі бастамадан шет қалмады. Олар жедел түрде көп рет қолданылатын маскаларды тігуді ұйымдастырып, дезинфекциялаушы және қорғаныш құралдары бар арнайы пакеттерді жинақтап, әріптестері мен студенттерге табыс етті.

www.kaznu.kz