Оқуды бітірер алдында студенттер көптеген сұрақтарға жауап іздейді, соның ішіндегі маңыздыларының бірі – жұмысқа орналасу мәселесі. Осы орайда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ-ның басқарушы директоры Н.М.Жаксыкелдинов мырзаны "Университетті бітіргенге дейін мен қандай болуым керек" деген тақырыпта дәріс оқуға шақырды.«Шинхан Банк Қазақстан» АҚ біраз жылдардан бері Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері үшін демеуші әрі жұмыс беруші болып келеді. Дәріс барысында «Бастамашыл болу үшін не істеу керек?», «Жалқаулықты қалай жеңуге болады?» және тағы басқа да студенттердің кәсіби маман ретінде қалыптасуына қатысты сұрақтарға басты көңіл аударылды. Жұмыс берушінің түлектің кәсіби құзіреттілігін анықтауға қатысты пікірі студенттермен қатар оқытушылар үшін де қызықты, әрі маңызды болды. Жұмыс беруші тарапынан студенттерге айналасындағы қоршаған құрбы-құрдастарына ерекше назар аудару керектігі туралы кеңес берілді. Н.М.Жаксыкелдинов мырза «достарыңыз оқуға кедергі келтіретін болса, ондай адамдармен қарым-қатынасты шектеп, мүмкіндігінше білімін одан әрі тереңдетуге тырысатын адамдармен тілдескен дұрыс, солай кейін сіздің де біліміңіз артып, алған біліміңіз жұмыс дағдысына айналады» деп бірқатар ұсыныстар жасады. Сонымен қатар, «өзіңізді жоғары бағалап, бірден үлкен жалақы туралы армандаудың қажеті жоқ, ең алдымен, түлектерге жұмысқа тұру және тәжірибе жинау өте маңызды болып табылатындығына мән беру қажеттігін» ескертті. Дәріс әңгіме-сұхбат түрінде өтіп, студенттерге оларды қызықтыратын сұрақтарға қатысты жұмыс берушінің ақыл-кеңесін тыңдау өте маңызды болды. «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ-ның басқарушы директоры Н.М.Жаксыкелдинов мырзамен кездесу нәтижесінде біздің студенттеріміз жұмысқа тұру барысында кездесетін нақты қиындықтарды қалай жеңу керектігін үйренді.