ҚазҰУ әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы Н.Ә.Назарбаев тапсырған және Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген 2020 жылы әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кем дегенде 2 қазақстандық ЖОО-ның кіруі міндетін абыроймен орындап шықты. Қазақстандық университет QS жаһандық рейтингісінде 165-орынға көтеріліп, феноменалды серпіліс жасады. ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім кеңістігіндегі өзінің әлемдік көшбасшы университеттер қатарында екендігін дәлелдеді.
Жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша зерттеудің биылғы жылғы нәтижелерін жариялады. QS аналитикалық есебінде атап өтілгендей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 42 орынға ілгерілеп, жаһандық рейтингте 165-орынды иеленді және «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды». Посткеңестік елдерден тек екі университет қана осы топқа еніп отыр – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Әлемдік жоғары білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынды дамуды көрсете отырып, 9 жыл ішінде университет шамамен 500 орынға алға жылжыды. Әлемдік рейтингте қысқа уақыт ішіндегі бұндай бірегей ілгерілеу «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ феномені» деп аталып шетелдік сарапшылар назарын өзіне аудартты. Қазақстандық жоғары оқу орны қарқынды дамуының жарқын үлгісі халықаралық академиялық ортада белсенді түрде талқылануда. Көптеген шетелдік жоғары оқу орындары ҚазҰУ-дың оң тәжірибесін қолданысқа енгізуде.
Әлемдік рейтингте жеткен биік жетістікте университет ректоры, академик Ғалым Мұтановтың басшылығымен ҚазҰУ-дың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша университет ұжымы атқарған қыруар жұмыстар тұр. Кластерлік тұрғыдан кешенді құрылымдық модернизациялау жүзеге асырылып, нәтижеге бағытталған басқару жүйесі енгізілді. Алдыңғы қатарлы шетелдік университеттермен бірлесе қос диплом бағдарламасы және ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда, соның нәтижесінде Қазақстан бойынша ең көп шетелдік студенттер ҚазҰУ-да білім алуда. Тек соңғы жылдың өзінде олардың саны 15 есеге өсті.
«Майкрософт» компаниясы ҚазҰУ цифрлық моделін ең озық тәжірибелердің бірі ретінде таныды. Университетте «ғылыми идеядан бастап оны коммерциализациялауға дейінгі» технологиялық дәліз құрылған. Оны тиімді пайдалану арқасында университетте 5 жыл ішінде ғылыми жобалар көлемі 2,5 есеге артты. Халықаралық рейтингі жоғарғы журналдардағы қазақстандық авторлардың әрбір бесінші жарияланымы – ҚазҰУ ғалымдарының үлесі. Соңғы 5 жылда университет инфрақұрылымның жалпы аумағы 50% пайызға дейін өсті.
БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ жаңа буын университетінің «Университет 4.0» моделін жасап енгізді. Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде таныстырылған «Университет 4.0» моделі халықарылық деңгейде кеңінен таратуға ұсынылды. ҚазҰУ әлемнің 12 елінде әл-Фараби орталықтарын ашты.
Қазақ ұлттық университетінің әлемдік білім беру кеңістіктігіндегі көшбасшылық деңгейі басқа да халықаралық рейтингтік агенттіктерде көрініс табуда. ҚазҰУ әлемдегі үздік 200 экологиялық және ең озық технологиялық университеттердің үздік 50 тобына кіреді. Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы рейтингінде ҚазҰУ «АА+» бағасын иеленіп, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының қатарына енді. Барлық осы жетістіктер арқасында ҚазҰУ түркі және ислам әлеміндегі ең үздік университет ретінде танылды.
QS рейтингісінде Массачусетс технологиялық университеті көш бастайды, екінші және үшінші орында сәйкесінше – Стэндфорд және Гарвард университеттері (барлығы АҚШ-тың жоғары оқу орындары). Ең үздік әлемдік жоғары оқу орындарының ондығын толығымен американдық және британдық жоғары оқу орындары құрайды.