ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ӨРКЕНИЕТКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ МЕН МАҢЫЗЫ

27 шілде, 2020

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Сингапур, Индонезия және Малайзиядағы ҚР Елшіліктерінің қолдауымен адамзаттың ұлы ойшылының 1150 жылдығына арналған «Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен маңызы» атты халықаралық онлайн конференциясын өткізді. Іс-шара академиялық қауымдастықтың қызығушылығын тудырып, әлемнің 16 елінен 250-ден астам қатысушыны біріктірді. Оған Әл-Фарабидің рухани және ғылыми мұрасымен айналыстатын жетекші ғалымдар мен зерттеушілер, оқытушылар мен студенттер, масс-медиа өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Онлайн конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры академик Ғалым Мұтанов ашты. Ол өз сөзінде көрнекті ғалым және ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің өркениеттің дамуындағы рөлі мен маңызын атап өтті. Ол Әл-Фараби идеялары негізінде ҚазҰУ-дың «Al-Farabi University Smart City» жобасын қалай жүзеге асырып отырғандығын айтты, бұл жаңа буын ЖОО-ның даму моделі – «Университет 4.0» үлгісін жасап, енгізуге негіз болды. Ғ.Мұтанов жоғары оқу орындарының ғылыми-инновациялық даму контексіндегі эволюциялық рөлін ғана емес, сонымен қатар өз елінің және әлемнің азаматтары ретінде жас ұрпақты рухани-адамгершілік тәрбиелеу аспектілерін де атап өтті. Спикер өз сөзін ұлы Әл-Фарабидің дәйексөзімен аяқтады: «Тек бірлесе отырып, бірігіп, адамдар бақытқа жете алады. Бір-біріне көмектесетін көптеген адамдардың бірлесуі арқылы ғана ... адам өз табиғатына тән кемелділікке ие бола алады». Ол, коронавирус пандемиясымен күрес жүргізіп жатқан әлем жағдайында, тек бірлесіп қана жеңе алатын жаңа қауіптер мен сын-қатерлерге тап болған адамзат үшін бұл ой бүгінгі таңда аса өзекті екендігін атап өтті.

Конференцияда Сингапур Республикасындағы және Жаңа Зеландиядағы ҚР-дың Төтенше және Өкілетті Елшісі Аркен Арыстанов құттықтау сөз сөйледі, ол Қазақстанның Әл-Фараби мұрасын сақтаудағы және ілгерілетудегі маңызды рөлін, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен осы бағыттағы өзара іс-қимылдың мәнділігін атап өтті.

Конференцияда Малайзия, Сингапур, Индонезия университеттерінен, сондай-ақ бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарының көрнекті ғалымдары мен фарабитанушылары баяндама жасап, әл-Фарабидің теориялық ғылыми көзқарастар мен әлеуметтік-экономикалық және моральдық-этикалық көзқарастарды қамтитын идеялары мен философиялық ойларының әртүрлі аспектілерін ашып берді. Әл-Фарабидің еңбектері Батыс пен Шығыс арасындағы рухани көпірге айналғаны, ал оның трактаттары Қайта өрлеу дәуірінде Еуропадағы дүниетанымның қалыптасуына және ғылымның дамуына үлкен әсер еткені атап өтілді.

Онлайн конференцияның қорытынды бөлімінде спикерлердің баяндамалары Әл-Фараби идеяларының қазіргі заманғы қоғамды дамыту үшін өзектілігі мен маңыздылығы туралы белсенді және қызықты пікірталасқа көшті. Қатысушылар Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын әрі қарай терең әрі жан-жақты зерттеу және танымал ету қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.

www.kaznu.kz