Алматыда мерейтойлық Әл-Фараби жылы қорытындыланды

16 қазан, 2020

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен бірнеше іс-шаралар өткізілді. Шараға білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, академиялық қоғамдастық пен БАҚ өкілдері, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Әл-Фараби халықаралық орталығында әлемге Әл-Машани деген атпен танымал әйгілі ғалым және фарабитанушы Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың бюстінің ашылу салтанаты өткізілді. Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімдегі құттықтау сөзінде адамзаттың Екінші Ұстазы Әл-Фарабидің Қазақстан аумағында Отырарда бір кездері Фараби деп аталған Қазақстан мен Орталық Азияның ежелгі мәдени орталығында дүниеге келгенін әлемге ғылыми тұрғыдан дәлелдеген қазақстандық фарабитану мектебінің негізін қалаушысының ерекше үлесін атап өтті. Осыдан жарты ғасыр бұрын 1975 жылы ЮНЕСКО қамқоршылығымен Қазақстанның Алматы қаласында өткен Әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық форум өткізу туралы шешімнің қабылдануы қазақстандық ғалымның баға жетпес еңбегінің мойындалуының тағы бір көрінісі болды.

Дөңгелек үстел форматында өткен ғалымдармен кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының кейбір қорытындыларын шығарып, мерейтойлық жыл ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халықаралық деңгейде атап өтілуде екендігін атап өтті. Пандемияға қарамастан, қазақстандық фарабитанушылар мен ғылыми қоғамдастық ұлы ғалымның мұрасын елде және бүкіл әлемде кеңінен насихаттап дәріптеу бойынша орасан зор жұмыс атқарды.

Мерейтойлық іс-шараларға қатысуға халықаралық қоғамдастық және академиялық орта кең ауқымда тартылды, олардың ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік жетекші фарабитанушы ғалымдар бар. Шетелдегі Қазақстанның Елшіліктерімен және Әл-Фараби орталықтарының қолдауымен және жетекші шетелдік университеттермен бірлесіп – Оксфорд университеті, Джавахарлал Неру университеті, Стамбұл университеті, Каподистри атындағы Афина ұлттық университеті, София университеті, Дамаск университеті, Египет университеті және басқа университеттермен бірқатар халықаралық конференциялар өткізілді. Әл-Фарабидің мерейтойы Үндістан, Сингапур, Малайзия және Индонезияда аталып өтті. Халықаралық іс-шараларға әлемнің 50 елінің атынан 100-ден астам университеттерден және тағы басқа ұйымдардан 12 мыңнан астам адам қамтылды.

Республикада онлайн режимінде 60-тан астам конференция, дөңгелек үстелдер мен ғылыми семинарлар өтті. Мәселен, әлеуметтік желілерде ашық қолжетімділікпен «Парасаттылық сағаты» жалпыреспубликалық акциясы, «Әл-Фараби және қайырымды қоғам» атты видеодәріс және «Екінші Ұстаз» онлайн веб-семинарлар сериясы өткізілді. «Қайырымды қоғам» челленджіне әлемнің 7 елінен келген шетелдік студенттермен қоса, Қазақстанның жоғары оқу орындарының 14 мыңға жуық студенті қатысты. «Әл-Фараби» халықаралық пәндік олимпиадасына алыс және жақын шетелдердің 10 елінен 9,5 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты. Олимпиада жеңімпаздарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқуға 40 білім гранты бөлінді.

Сонымен қатар, Әл-Фарабиға арналған 7 монография, Әл-Фарабидің дәйексөздер жинағы, сонымен қатар «Қайырымдылық» ойлары мен нақыл сөздер жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Әл-Фарабидің бұрын жарияланбаған үш трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылды.

Кездесу аясында әлемде тұңғыш рет жарық көрген «Әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Энциклопедияның мазмұны тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, өмірбаяндық мәліметтер, ойшылдың өмір жолы мен ғылыми мұраларын (трактаттары мен оларға түсіндірмелер), ұғымдар мен терминдер, араб-мұсылман Ренессанс кезеңіндегі белгілі ғалымдардың еңбектерін қамтиды. Онда заманауи зерттеушілер мен қазақстандық фарабитанушылар, сондай-ақ, ислам философиясы, дін, мәдениет, ғылым және білім мәселелерімен айналысатын барша ғалымдар туралы библиографиялық мәліметтер келтірілген.

Мемлекеттік хатшыға сонымен қатар мерейтойлық жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстанда және шет елдерде ұйымдастырған және өткізген негізгі оқиғалар мен іс-шараларды қамтитын «Ұлы Даланың Ұлы есімі» фотоальбомы ұсынылды. Сондай-ақ, онда еліміздің жетекші университетінің ұлы ойшылдың рухани мұрасын танымал ету, зерттеу, зерделеу, насихаттау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі жобалары мен бастамалары туралы баяндалады. Кітап тек фарабитанушы ғалымдар мен ғылыми қоғамдастықтың ғана емес, сонымен қатар оқырмандардың кең ауқымы үшін де қызықты болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов өз баяндамасында әлемдік талаптарға сай ЮНЕСКО, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен университет негізінде Әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабы құрылатындығын атап өтті. Бұл жоба ғылыми өзін-өзі басқару, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету және ғылыми зерттеулерді қажет ететін секторларға инвестиция тарту қағидаттарына негізделген ғылыми әзірлемелерді жасап конвертациялауға бағытталған ғылымды басқарудың жаңа моделін жүзеге асыруға арналған.

Сирия астанасы Дамаск қаласында Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы негізінде ҚазҰУ-дың филиалын ашу жоспарлануда. Ұлы ойшылдың идеяларын дамыта отырып, университет ғылым, білім және мәдениеттің кеңістіктік, уақыттық, коммуникативтік, өркениеттік шекараларын кеңейтуде. Осы мақсатта әлемнің жетекші университеттерінде Әл-Фарабидің 10 ғылыми және білім беру орталығы және Дели мен Стамбулда Екінші ұстаздың екі мұражай үйі ашылды. Орталықтар Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын зерттеу бойынша көп қырлы жұмыстар жүргізуде, сонымен қатар қазақ тілін, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге ықпал етіп, шетелдік азаматтарды Қазақстанның тарихы мен жетістіктерімен таныстырады.

Кездесу соңында Қырымбек Елеуұлы қазақстандық ғалымдарға қажымас ғылыми ізденістері үшін алғысын білдіріп, оларға жаңа табыстар мен қазақстандық ғылым мен Қазақстанның игілігі үшін зор жетістіктер тіледі. Іс-шараға қатысушылар Әл-Фараби шығармалары және ол туралы жаңа басылымдар көрмесімен, сирек кездесетін кітаптар қорымен және кітапхананың тақырыптық залдарымен, Әл-Фараби мұражайының жаңартылған экспозицияларымен танысты.

ҚР Мемлекеттік хатшысының сапары аясында Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты мен төртінші мерзім қатарынан ҚазҰУ басқарып келе жатқан БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Ғаламдық хабының жаңартылған кеңсесінің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, Қырымбек Көшербаев университет ғалымдарының COVID-19 пандемиясына байланысты, соның ішінде заманауи ІТ-технологияларды қолдана отырып жасаған бірқатар зерттемелерімен танысты. Үлкен ғылыми әлеуетке ие елдің жетекші университеті коронавирус пандемиясының таралуымен күресуге өз үлесін қосуда.

Мемлекеттік хатшыға және жұртшылыққа академик Ғалым Мұтановтың жетекшілігімен құрамында математиктер, эпидемиологтар, биостатистика, IT-мамандары, дәрігерлер, биологтар бар ғалымдар тобы жүргізген Қазақстандағы COVID-19 бойынша жағдайды болжамды бағалау зерттеулерінің нәтижелері ұсынылды. Пәнаралық зерттеудің нәтижесі эпидемияның таралуының қысқа, орта және ұзақ мерзімді сценарийінің болжамды модельдері болды. Ғалымдар COVID-19-бен күресуге бағытталған қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінде тиімді шаралар мен басқарушылық шешімдер қабылдау бойынша ұсыныстар жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми-технологиялық паркінің ғалымдары адам денесінің температурасын контактісіз өлшеудің және адамдар көп жүретін және көп жиналатын жерлерде масканың болуын немесе болмауын танудың автономды зияткерлік жүйесінің жұмысын көрсетті. Әзірленген жүйе шетелдік аналогтармен салыстырғанда бірқатар артықшылықтарға ие. Оны қолданыстағы «Оңай» билеттеудің электрондық жүйесіне енгізуге болады, бұл қоғамдық көлікте бетперде режимін сақтаудың барынша мониторингін қамтамасыз етуге, құқық бұзушыларды анықтауға және COVID-19 вирусының таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жас ғалымдары мен IT-мамандары коронавирус симптомдарын тануға және ауруды диагностикалау мен емдеу үшін дәрігерге уақтылы жүгінуге көмектесетін «Tracker COV|KZ» Android-қосымшасын әзірлеп шығарды. Мобильді қосымша динамикалық сауалнама жүйесін қамтиды және оның қорытындысы бойынша коронавирус белгілерінің бары туралы егжей-тегжейлі есеп алуға болады. Сондай-ақ, бұл нәтижелерді медициналық мекемеге немесе дәрігерге жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшада Қазақстандағы COVID-19 жағдайы туралы өзекті статистиканы бақылауға болады. Қазір ол – қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді, сондай-ақ OIS үшін де ағылшын тіліндегі нұсқаларын жасау жоспарлануда. Android қосымшасын ұялы құрылғыға Play Market-тен орнатуға болады.

Қонақтардың назарын кең спектрлі әрекетке ие COVID-19 вирусының алдын-алуға арналған түймедақ пен жусан сығындысы бар антисептиктердің үлгілері аударды. Университеттің дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлерінің Қазақстанның өсімдік шикізатынан жаңа табиғи қосылыстар бөлу негізінде әзірлеген дәрілік заттар ерекше қызығушылық тудырды.