«Абай және Шығыс шайырлары» атты әдеби кеш өтті
2020 жылдың 23 қазанында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Парсы тілі бөлімі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті қызметі бірлесіп Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерейтойы шеңберінде «Абай және Шығыс шайырлары» атты әдеби кеш өткізді. Әдеби кешке Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқутушылары, студенттері және ҚР Ұлттық кітапханасының жас мамандары қатысып шығыс шайырларынан жыр-шумақтар оқып, осы тақырып шеңберіндегі жаңа зерттеулерімен бөлісті.
Мәдени шараға қатысқан Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы PhD доктор Б.Батырхан Фирдауси мен Абай туралы, аға оқытушы А.Боранбаева парсы тілінің поэзия тілі ретінде бүкіл әлем әдебиетіне қосқан үлкен үлесі жайлы, аға оқытушы PhD доктор Ғ.Қамбарбекова Абай мен шығыс шайырлары жазған ортақ тақырыптар туралы, докторант Қ.Жетпісбаева Сағдидің әдептілік мен адамшылық тақырыбына жазылған өлеңдерінен үзінділер оқып, мағынасына тоқтаса, 4-курс студенті Ұ. Абдурахимова Омар Хайямның рубаиларын оқып көпшілікті өзіне тәнті етті. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасының жас маманы М.Оқап Омар Хайямның қазақ тіліндегі аудармаларын оқыса, А.Рахимова түрік тілінде өлеңдер оқып әдеби кештің көркін келтірді.
Мәдени шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы Әлем әдебиеті қызметінің мамандары «Шығыс шайырлары» атты виртуалды кітап көрмесін ұсынды. Әлем әдебиеті қызметі бөлімінің меңгерушісі С.Т.Тұяқова мен кештің жүргізушісі Г.Бахина, сондай-ақ осы қызметтің барлық мамандары кешті жоғары деңгейде өткізуге қолайлы жағдай жасады.