Ғарышты бағындырамыз

3 қараша, 2020

ҚазҰУ технопаркі мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бірлескен білім беру жобасы сәтті аяқталды. UniSat білім беру бағдарламасының қатысушылары өздері әзірлеген наноспутникті атмосфераның жоғарғы қабатына қосып, таяу ғарышты жаулап алды.  

Бірлескен білім беру бағдарламасы аясында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 14-35 жас аралығындағы 20 бойжеткен сегіз ай бойы ҚазҰУ технопаркі базасында наноспутниктер құру бойынша курстарда оқыды.

Қыздар жобаны жоспарлаудан, корпусты және әртүрлі ішкі жүйелерді және 3D модельдеуден, борттық компьютерді бағдарламалау, спутникті сынақтан өткізу және құрастырудан бастап наноспутникті атмосфераның жоғарғы қабатына іске қосумен аяқталатын наноспутниктерді әзірлеу мен құрудың барлық кезеңдерінен өтті.

Бұл ЮНИСЕФ-тің қыздар арасында ғылым мен инновацияны дамытуға арналған бірегей жобасы және ол қыздардың өздеріне жүктелген күрделі міндеттерді өте жақсы орындағанын көрсетті.

«Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да ректор Ғ. Мұтановтың басшылығымен шағын ғарыш аппараттарын жасау бойынша ғылыми мектеп құрылды. Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасы бар, оның базасында Қазақстанның ғарыш саласы үшін мықты кадрлар даярланады. UniSat жобасы біз үшін үлкен сынақ болды. Біріншіден, оған тек қыздар ғана қатысады, екіншіден, қысқа уақыт ішінде стратосферада іске қосуға дайын нағыз UniSat наноспутнигінің жұмыс істейтін моделін құру қажет болды», – деп атап өтті жобаның үйлестірушісі, ҚазҰУ Технопаркінің директоры Әмірхан Темірбаев.  

Наноспутниктер ғарышты зерттеу мен игерудің тамаша құралы болып табылады. Олардың артықшылығына шағын мөлшер, қысқа әзірлеу уақыты, құруға жұмсалатын салыстырмалы түрде төмен қаржылық шығындар және ең бастысы-ғарыш аппаратын әзірлеудің барлық кезеңдерінде студенттердің кең ауқымын тарту болды. Осындай артықшылықтардың арқасында наноспутниктер университеттер арасында білім беру құралы ретінде өте танымал болды, бұған жыл сайын ұшырулар санының экспоненциалды өсуі дәлел бола алады.

ҚазҰУ Технопаркінің директоры Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, наноспутниктерді зерттеу - бұл ғылымды (ғарышты немесе атмосфераның жоғарғы қабаттарын зерттеу), CubeSat стандартының ең озық миниатюралық ғарыштық технологияларын, инженерияны (корпусты модельдеу және әзірлеу), математиканы (күрделі алгоритмдер мен бағдарламаларды) қамтитын нағыз STEM-білім беру.

www.kaznu.kz