Ғылым мен өнерді ұштастырған ...

3 ақпан, 2021

        Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, бүгінде сол факультеттің магистратурасында оқитын   Аружан Қаратаева жас болса да қоғамдық өмірдің әр саласына белсене араласып жүрген шәкірттердің алдыңғысы деуге әбден болады. Ол Назарбаев Зияткерлік Мектептері арасындағы «Арт Фестиваль-2013» байқауында «Ердің ері - Қобыланды» мюзикліне қатысып ГРАН ПРИ иегерлерінің қатарына шықты, «Арт Фестиваль-2015» байқауының ашылу салтанатында басты рөлді сомдады. Ақтөбе қаласы «Жас Отан Жастар Қанатының» ұйымдастыруымен өткен оқушылар арасындағы «Мектеп Аруы 2016» байқауында Назарбаев Зияткерлік мектебі атынан қатысып, жүлделі Гран При иегері атанды. Батыс Қазақстан аймақтары арасындағы Кіші ғылым академиясында Ақтөбе қаласының экономикасы мен әлеуеті турасында ғылыми инновациялық жоба қорғап 1 орын иегері атанды. Өнер , білім, мәдениет салалары бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері арасынан алға шығып, Германия, Бельгия, Нидерланды елдеріне сапар шегіп, ғылыми – тәжірибелік тәлім алып келді. Назарбаев Зияткерлік Мектептері АҚ-ның Түлектер Ассоциациясы өткізген «Самғау» түлектер форумында Ақтөбе қалалық физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің «Ең үздік түлегі» төсбелгісімен марапатталды.

       Мектеп қабырғасынан басталған белсенділік іс-қимылдары кейіннен университет қабырғасында жалғасын тауып жатты. 2016-17 оқу жылдарында журналистика факультетіндегі «Жас Отан Жастар Қанаты», «Студенттер Сенаты» ұйымдарының орынбасары, кейіннен жастар ұйымы саясатының мүшесі, журналистика факультеті «Студенттік деканның» орынбасары, «Мисс Жас Отан 2016» байқауының жеңімпазы, Алматы қалалық «Қыз Сыны және Жігіт Сұлтаны 2017» байқауында жүлделі 1-ші орын иегері атанды.

       Аружан үздік оқуымен қатар оқу орнының рейтингісін арттыратын шараларға да қатысуға уақыт таба білді. Мысалы, «Сұңқар кубогы» КВН ойындарының «Үздік ойыншы 2017» марапатына ие болды, Тұрсынбек Қабатовтың КТА ойындарына ҚазҰУ құрамасынан қатысып, еркін «Instyle» командасының мүшесі болды.

     «Қазақстан» Ұлттық арнасының 60 жылдығына орай өткен, байқауда «Ең үздік материалдары» үшін марапатталып, арнайы Ерлан Қариннің шәкіртақысына ие болды. Сонымен қатар, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Елбасы- Кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» атты семинар-тренингке қатысып, «Үздік идея иесі» атанды.

 

       Аружан өзінің негізгі кәсібі болатын журналистиканың тізгінін де босатпайтын тегеурінділік танытуда. Қазақстан ұлттық арнасы «Таңшолпан» таңғы-ақпараттық , сазды бағдарламасында тәжірибеден өткен ол бірнеше сюжеттерді эфирге шығарып, бейнематериалдарды дыбыстап, қызметке шақырту алды. «Туған елге туың тік» бағдарламасы аясында Ғалым Жайлыбай, Аманхан Әлімұлы, Зейнеп Ахметова ,Ерлан Біләл, Айдос Бектеміров, Кәкен Қамзин, Есей Жеңісұлы сияқты тұлғалармен сұқбаттасты .

       Қазақстан ұлттық арнасында жалпы саны 35 сюжеті эфирге өтті. Олардың басым бөлігі «Әлем жаңалықтары» айдарында жарық көріп, осы айдарды бір жарым ай көлемінде күнделікті эфирге дайындап отырды. Орыс тілінен, қазақ және ағылшын тілдеріне аударма жасаумен де шұғылданады. Мысалы, Дейл Карнегидің психологиялық кітаптарымен қатар, жеке азаматтардың тапсырысымен жасалған жұмыстарда бар. «Enrise» компаниясының жарнамасын дыбыстау жасалды.

     ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесіп, студенттер атынан сөз сөйлеу құрметі де Аружанға тапсырылды. Адамды жасы келген уақытта немесе ұзақ жылдар бойы жұмыс өтілінен өткен кезде ғана мақтау, марапаттау деген біздің қоғамда орын алған жай. Керісінше, «Болам»,- деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бабалар аманатын орындау ұстаздар парызы болуы керек. Ғылымға, өнерге құлшынып тұрған жастарға дем беріп, қанаттандырып отыру – олардың жолын ғана ашпай, бағының да тұғырына қонарына демеу болары анық.

                                           Клара Қабылғазина, журналистика факультетінің профессоры