- Басты бет
- Жаңалықтар
- Оқушыларды университеттің академиялық саясатымен, ар-намыс кодексімен, студенттер туралы ережемен таныстыру
Оқушыларды университеттің академиялық саясатымен, ар-намыс кодексімен, студенттер туралы ережемен таныстыру
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің қауымдастығы:
- Университеттің жоғарғы санатты және адамгершілігі аса жоғары мамандарды дайындау миссиясын жүзеге асырудағы өз жауапкершілігін сезіне отырып;
- Университеттік қауымдастықтың бірлескен мәдениетін қолдау мен дамытуды, ҚазҰУ-дың Қазақстан Республикасындағы кәсіби мамандарды дайындаудың жетекші орталығы және отандық білім берудің көшбасшысы ретіндегі имиджін сақтауды өзінің міндеті ретінде санай отырып;
- ҚазҰУ-да студенттермен, қызметкерлермен және жоғары оқу орнының әкімдігі арасында шынайы демократиялық қарым-қатынастар жүйесін қалыптастыруға ұмтыла отырып;
ҚазҰУ студентінің аталып отырған Ар-намыс кодексін қабылдайды және оны қалтқысыз орындауға міндеттенеді.
- 1-бап.
ҚазҰУ студенті Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, ҚазҰУ Жарғысына, Ішкі тәртіп Ережесіне, Жатақханада тұру Ережесіне және басқа да ҚазҰУ-дың нормативті актілеріне бағынады.
- 2-бап.
ҚазҰУ студенті ұлттық мәдениет пен Қазақстан мемлекетінің қалыптасу тарихын біледі және оларды қастерлейді, университет дәстүрлерін кіршіксіз сақтайды және оларды құрметтейді.
- 3-бап.
ҚазҰУ студенті басқа студенттермен, оқытушылармен және ҚазҰУ әкімдігінің өкілдерімен қарым-қатынас барысында ізеттілік, кішіпейілділік және ұқыптылық танытады.
- 4-бап.
ҚазҰУ студенті кез келген азаматқа оның шығу тегі мен ұлтына, әлеуметтік дәрежесіне, діни немесе дүниетанымдық ұстанымдарына қарамастан, құрметпен қарайды.
- 5-бап.
ҚазҰУ студенті өзінің оқу міндеттерін қатаң орындайды, төмендегідей академиялық нормаларды бұзушылыққа жол бермейді:
- плагиат;
- алдау;
- шпаргалка пайдалану, білімді бақылаудың барлық деңгейлері мен түрлерінен өту барысында көшіру және біреуден сұрау;
- білімді бақылау процедурасынан бөтен тұлғаның атынан өту;
- жоғары баға алу үшін туысқандық немесе қызметтік байланыстарын пайдалану;
- пара беру;
- оқытушыны алдау және оны сыйламау;
- сабақтарды жіберу және кешігу, оқу сабақтарына немесе олардың бір бөлігіне белгісіз себептермен қатыспау.
- 6-бап.
ҚазҰУ студенті университет мүлкінің сақталуына қамқорлық жасайды және университет аумағында жүгенсіздік көріністерінің орын алуына жол бермейді.
- 7-бап.
ҚазҰУ студенті университеттің кітапханалық-ақпараттық ресурстарына қамқорлықпен қарайды және бұл ресурстарға қатысты салғырт қараушылық пен нұқсан келтірушілікке жол бермейді.
- 8-бап.
ҚазҰУ студенті ұқыптылықты сақтайды. Оның сыртқы түр келбеті этикалық және эстетикалық нормаларға сәйкес келеді.
- 9-бап.
ҚазҰУ студенті салауатты өмір салтын ұстанады, өзінің мәдени, адамгершілік және тұлғалық даму деңгейін жетілдіруге ұмтылады, университеттің қоғамдық-мәдени, ғылыми және спорттық өміріне белсене атсалысады.
- 10-бап.
ҚазҰУ студенті университетте және оның аумағынан тыс жерлерде де құқық бұзушылық әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
- 11-бап.
ҚазҰУ студенті тәртіп бұзуға бағытталған ақпараттың таратылуына жол бермеуі, сондай-ақ заңмен рұқсат етілмеген жиналыстарға, демонстрацияларға, митингілерге, ереуілдерге, акцияларға және шерулерге қатыспауы тиіс.
- 12-бап.
ҚазҰУ студенті университет мүддесіне қайшы келетін және ҚазҰУ имиджі мен беделіне нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекетке қатысудан бой тартады.
- 13-бап.
ҚазҰУ студенті аталған Кодекс ережелерінің бұзылуын анықтаған сәтте оны өз күшімен түзетуге тырысады, ал мұндай әрекет мүмкін болмаған жағдайда бұл келеңсіздіктер туралы студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарына немесе ҚазҰУ әкімдігіне хабарлауға құқылы.