Ректор ардагерлермен кездесті

12 ақпан, 2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университеттің алдыңғы буын оқытушы-профессорларымен кездесіп, жоғары оқу орнын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Жансейіт Түймебаев өз сөзінде студенттік жылдары ҚазҰУ-дің филология факультетінде білім алып, өмірге кәсіби жолдама алғанын, университет қабырғасында ғалым ретінде қалыптасып, түрлі қызмет сатыларынан кейін туған ұжымына қайта оралғанына қуанышты екендігін жеткізді.

Ректор еліміздің жетекші университетіне басшылыққа келе отырып, оның тағдыры мен болашақ дамуына зор жауапкершілікті сезінетінін атап өтті. Басым бағыттар ретінде ол білім беру сапасын арттыру, оқытушыларды әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін нақты өндіріске енгізу қажеттігін алға тартты.

– ҚазҰУ-дың басты құндылығы – бұл оқытушылар мен ғалымдар, олар өскелең жас ұрпаққа білім беріп, ерен еңбектерімен еліміздің дамуына нақты үлес қосуда. Сондықтан басшылық пен әкімшілік құрамның міндеті – қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру және олардың жұмысы үшін қажетті қолайлы жағдай жасау» деді Ж.Түймебаев.

Атап өтерлік жайт, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындай отырып, ректор алғашқы бұйрықтардың бірі ретінде университеттің барлық қызметкерлерінің еңбекақысын 20 пайызға көбейтті. Сондай-ақ 2 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер тұрғын үйге мұқтаж екендігі жайында жиналғандарды хабардар етті, осыған байланысты ректор аталмыш өзекті мәселенің түйінін шешу мақсатында Алматы әкімімен және бірқатар банктердің басшылығымен кездескенін жеткізді.

Университеттің ардагер оқытушылары, профессорлар мен академиктер Жансейіт Қансейітұлына жылы лебіздерін білдіріп, алдағы уақытта ҚазҰУ дамудың жаңа серпініне ие болып, еліміздің көшбасшы жоғары оқу орнының мәртебесі нығайып, әлемдік ғылыми-білім беру қоғамдастығында лайықты орын алатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында қатысушылар оқу процесін жетілдіру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, зертханалар мен ғылыми орталықтарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, шетелдік студенттерді тарту және бұл үшін тиісті жағдай жасау, сонымен бірге жас ғалымдарды қолдау және басқа мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар жасады.

«Алдыңғы буын ҚазҰУ-дың «алтын қоры», біз сіздерді мақтан тұтамыз және жоғары бағалаймыз. Мен сіздердің әрқайсыларыңыздан жоғары оқу орны жұмысын жетілдіру және оны шешудің ықтимал жолдары туралы ұсыныстар күтемін. Менің есігім сіздер үшін әрдайым ашық! Бұл алғашқы кездесу, әр факультет тағы да жеке-жеке бас қосып, мәселелерді бірлесе талқылайтын боламыз. Біз бірегей ұжым болып көп жетістіктерге және университеттің шынайы жаңаруы мен жаңғыруына қол жеткізуге тиіспіз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

 

 

 

www.kaznu.kz