Ұстаздар мен студенттерге қолайлы жағдай жасалуы тиіс

20 ақпан, 2021

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев университет факульттері оқу корпустарының жағдайымен танысу барысында ұстаздардың жұмысына және студенттердің білім алуына қолайлы жағдай жасау туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ректор ЖОО заң, журналистика, филология, тарих, археология және этнология факультеттерінің, сондай-ақ экономика және бизнес жоғары мектебінің аудиторияларын, кафедраларын, қызметтік және техникалық ғимараттарын аралап, ішкі жағдайларымен танысты. Жансейіт Қансейітұлы кабинеттердің техникалық жабдықталуы мен безендірулері қазіргі заманға сай емес екендігіне, жалпы пайдалану орындарын ретке келтіру керектігіне ерекше назар аударды.

Ректор оқу корпустарының жағдайымен танысу барысында кабинеттер мен студенттерге арналған аудиториялар әлем университтері ішіндегі топ-200 үздіктер қатарына кіретін еліміздің жетекші ЖОО мәртебесіне сай болу керектігін қадап айтты. Жыл сайын ҚазҰУ-ға қонақ ретінде шетелдік профессорлар мен ғалымдар ғана емес, сондай-ақ лекторлар мен мамандар келеді. Олар ұзақ жылдар жөндеу көрмеген, әлемдік стандартқа сай келмейтін аудиторияларда дәріс оқиды.

Жансейіт Қансейітұлының айтуынша, ұстаздардың жұмысы және оқу үрдісін жақсарту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Ректор құрылымдық бөлімдердің басшыларына, осы бағыттағы жұмыстарға жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді, сондай-ақ факульттердің декандарына олқылықтарды жедел жою шараларын қабылдау және жұмыс істеу мен білім беру жағдайларын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын енгізуді тапсырды.

www.kaznu.kz