ҚазҰУ жас ғалымдарына жағдай жасалады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Басқарма Төрағасы-университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың жас ғалымдармен кездесуі өтті, оның барысында магистранттардың, докторанттардың және постдокторанттардың университетті дамытуға белсенді қатысуы, олардың шығармашылық жобалары мен бастамаларын қолдау қажеттілігі, сондай-ақ ғылыми идеялармен алмасу шекарасын кеңейту мәселелері талқыланды.
Құттықтау сөзінде Жансейіт Қансейітұлы ғылым мен білімнің Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттары ретіндегі рөлін және оларды экономиканың жекелеген салалары ретінде дамытудың маңыздылығын атап өтті. "Әлемнің көптеген жоғары дамыған, озық елдерінде университет табыстылығының көрсеткіштері өндіріске енгізілген патенттер, соның негізінде ұлттық инновациялық экономика дамитын коммерцияландырылған технологиялар болып табылады. Осылайша, мемлекет зерттеулерге, университеттерге салынған инвестициялардан пайда табады", - деп атап өтті ЖОО басшысы.
Кездесуге ЭжБЖМ деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары, PhD Жидебекқызы Ақнұр қатысып, жас ғалымдар мәселесіне қатысты пікір білдіріп, ойын ортаға салды.
Ақнұр ЖИДЕБЕКҚЫЗЫ,
Экономика және бизнес жоғары мектебінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары:
– Біздің университетте ізденіс бар және сол ізденістің нәтижесімен бөлісу деген жақсы дәстүр бар. Шетелдерде тәжірибеден және тағылымдамадан өтіп келген жастар ай сайын екі рет болатын ғылыми әдістемелік семинарларда өз бастамаларымен, тәжірибелерімен бөліседі. Нәтижесінде жастар өздері машықтанып Scopus-та мақалаларын жариялайды, әртүрлі гранттық жобалардың жеңімпаздары атанып жетістіктерімен қуантады. Факультеттегі 6 жобаның бесеуі жастардың үлесінде.
Бүгінгі қоғам әлемдік тәжірибе алмасу ғылымының драйвері екені анық. Факультетке жыл сайын 30-40 докторант оқуға түседі, одан соң оларға екі айдың ішінде шетелден жетекші табу деген бар. Тегіннен-тегін 3 жыл бойы бір адамды тәрбиелеп шығаруға келісетін шетелдік жетекші табу қиынға соғады. Сондықтан, жас ғалымдардың атынан докторанттарға шетелдік тәжірибеге де қандай да бір материалдық қолдау ескерілсе деген ұсынысым бар.
Екінші мәселе, өз басым инновацияларды басқару мамандығы бойынша білім алдым. Менің диссертациялық тақырыбым ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыруға байланысты болды. Сол кезде университеттегі ғылыми бөлімдер, зертхана, лабораториялардағы керемет ғылыми-зерттеу нәтижелеріне куә болдым. Сол зерртеулермен айналысатын ғалымдарға «неге бұл дүниелерді нарыққа шығарып сатпайсыздар? Сатсаңыздар мол қаржы табуға болады ғой» деген сауал қойғанда әртүрлі жауап берді. Осыған қатысты ғылыммен айналысып өнім шығарып жатқан өнертабушылармен біздің факультеттегі инновациялық менеджмент мамандығының тәлімгерлерін біріктірсек және бұл оқу жоспарына қосылса нағыз нәтиже болады деген үміттемін. Сондай-ақ ғалымдар ғылымда өзіне қызықты тақырыпты зерттей беруді ғана емес, дайын болған ғылыми зерттеме «қайда сатылады? Оның тұтынушысы кім? Нендей пайда әкеледі?» дегенді де ойлауы қажет. Егер мүмкіндік болса, экономика факультеті техникалық мамандықтардың ғалымдарына арнайы бір курсты әзірлеп өткізсек, осыған біздің факультет белсенді түрде араласса дегім келеді.
Іс-шара соңында басқарма төрағасы - ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев кездесуге қатысушыларды алдағы уақытта да пікір алмасуға, жас ғалымдарды қолдаудың қосымша шаралары мен тетіктерін бірлесіп әзірлеу, ҚазҰУ ғылымы мен инновациясын дамыту үшін идеялар мен ұсыныстар енгізуге шақырды.
Толығырақ - https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/23736/