Наурыз мейрамы

14 наурыз, 2021

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеуді және көктемгі мерекенің мазмұнын байытуды тапсырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 14-23 наурыз аралығында жоо-да өтетін Наурыз-мейрамын кең ауқымды мерекелеудің бірегей тұжырымдамасын ұсынды.

«Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», - деп атап өтті Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында. Мерекелік іс-шаралар жоспарын дайындай отырып, университет басшылығы мен іс-шараларды ұйымдастырушылар осы ауқымды міндеттерді ұстанды.

ЖОО-да мерекелік онкүндік 14 наурызда «Көрісу күні» шарасынан басталады, оның барысында студент жастар барлығын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мерекенің мәні туралы айтып береді. Терең тәрбиелік мәні бар бұл ежелгі дәстүр мейірімділік, сабырлық, махаббат сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейді.

Екінші маңызды іс-шара – 16 наурызда өтетін Шежіре күні. Бұл күні тамыры ғасырларға тереңдеген ұлт тарихымен сабақтас шежірелік танымның жастар тәрбиесіндегі тағылымдық мағына-маңызы байыпталып, ұлт болып қалыптасудағы ел-жұрт тарихының аңызы мен ақиқаттық мәні айқындалады.

ҚазҰУ-дың тарих факультеті 17 наурызда Тарихқа тағзым күнін өткізеді. Оның аясында тәуелсіздік идеяларын халық арасына таратып, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің қызметіне арналған «Тарихқа тағзым: Жаңару мен жаңғыру» атты республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылады.

Университеттің барлық ғалымдары мен профессорлары қатысатын Зияткерлік күні 20 наурызға белгіленген. Негізгі мақсат – жас ұрпақты дұрыс ойлауға, білім алуға және өзінің зияткерлік мүмкіндіктерін барынша дамытуға бағыттау. Ғалымдар халық мақал-мәтелдерін, жұмбақтар мен өлеңдерді, дастандар мен поэмаларды жаттаудың, есте сақтаудың құпиялары мен тәсілдерін ашып береді. Сондай-ақ тілдерді үйрену және зияткерлікті дамыту техникасы мен әдістері туралы, жастардың ой-өрісі мен физикалық дамуына ықпал ететін қызықты ұлттық ойындар туралы айтады.

Сол күні «Алтын сапа» пікір-сайыс клубы онлайн форматта өзге ұлт өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін!» атты байқау дебатын ұйымдастырады.

22 наурыз күні Шығыстану факультеті Наурыз мейрамын өткізеді. Шығыстану факультетінің оқытушылары қазақ, түрік, араб, парсы тілдерінде бейнеқұттықтаулар жасайды. Факультет студенттері Орталық Азияның барлық елдерінде, сондай-ақ Грузия, Үндістан, Иран, Қытай, Түркия және әлемнің көптеген басқа елдерінде атап өтілетін Наурыз мерекесінің дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарымыз туралы айтады.

БҰҰ Наурыз мейрамын Халықаралық мереке ретінде біледі.

Барлық іс-шаралар онлайн-режимде өтеді.