Ғылым, білім және инновация университеттің басты бағыты болу керек
27 мамырда Қаззақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келді. Министр ҚазҰУ қалашығында ашылған механика-математика факультетінің жаңа оқу ғимаратымен және университетте атқарылып жатқан инновациялық жобалармен танысты.
Сонымен қатар университеттің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен арнайы кездесті. Механика-математика факультетінің жаңа ғимаратымен құттықтап, бұл жаңа ордада бірнеше жаңа ғылыми жаңалықтар, ғылыми жұмыстар дүниеге келуін тіледі.
- Мұндай оқу ғимараттарының бой көтеруі, университеттің дамуы, жаңа мақсаттардың барлығы Елбасының тапсырмасымен ғылымды, білімді дамытуға жасалынып жатқан игі шаралар деп білемін. Ғылым туралы жаңа заң қабылданғалы да біршама тың жұмыстар атқарылып жатыр. Алда бұл салада тағы бір заң әзірленуде. Елбасы Жолдауында айтқандай, Қазақстанда екі жоғары оқу орны ұлттық зерттеу университетіне айналу керек. Ол үшін талап та, міндет те, жауапкершілік те жоғары. Ұлттық зерттеу университеті дегеніміз – ғылым, білім, инновация қатар жүргізілетін орда. Бұл тұста әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де, басқа да жоғары оқу орындары Елбасы тапсырмасын атқаруға барынша тырысып жатыр. Ал қаншама білім ордаларының ішінен суырылып алға шуғу үшін – ұлттық зерттеу университетіне айналу үшін жоғары көрсеткіштер үдесінен шығу керек, - дейді Ғылым және білім министрі Бақытжан Жұмағұлов ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорларымен кездесуі барысында.
Сондай-ақ, министр Бақытжан Тұрсынұлы алда ұлттық зертеу университеті атағына лайықталған оқу орындары бюджетіне үкімет тарапынан қосымша 2 миллиард теңге қаржы бөлінетіндігін айтты. Отандық университеттер алдында ең үздік екі ұлттық зерттеу университеттіне айналу міндетімен қоса, ҚР Білім және ғылым министрі отандық жоғары білім беру кеңістігінде 10 университетті инновациялық жолмен жүретін білім ордаларына айналдыру міндеті тұрғандығын да тілге тиек етті. Министрдің бұл баяндамасы отандық білім және ғылым кеңістігінің ғалымдарына әлемдік дамыған көш басшы университеттер қатарынан орын алуда қандай мақсатты орындау керектігін тағы бір айқындап берді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрі ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуі барысында ұстаз мәртебесін арттыру, педагогикалық мамандарды дайындау мәселелеріне де тоқталып өтті. Еліміздегі педагогикалық кадрлар дайындайтын білім ордаларының санын қысқартып, олардың ең негізгілерін, нағыз үздіктерін ғана қалдыруды айтты.
Ұстаз беделін арттыру үшін бұл мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысын басқа мамандық білімгерлерімен салыстырғанда екі есе арттыруды және осы мамандықты таңдап жүрген талапкерлерді арнайы талаптардан, сынақтардын өткізуді қолға алу керек дейді. Ұстаздарға білім мен ғылымды дамыта отырып тәрбие жұмыстарын да назардан тыс қалдырмай, басты назарда ұстауды міндеттеді. Ұстаз, мұғалімдерді үш сатылы дәрежеде қарау дұрыс деген шешім айтты. Онда бірінші дәрежелі ұстаз жалақысына жалақысынан бөлек жүз пайыз үстемақы, екінші дәрежелі ұстазға жетпіс, ал үшінші дәрежелі ұстазға отыз пайыз үстемақы қосу ойларымен бөлісті.
Ұстаз – тұлғаның ата-анасынан кейінгі орында тұрған тәрбиешісі. Ұстаз – бала тәрбиесінде, оқушы, студент тәрбиесінде аса маңыздылыққа ие маман. Ендеше, ҚР Білім және ғылым министр оқытушы-профессорларға, мұғалімдерге қойып отырған талап та, жүктелген міндет те ұлт әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға аса қажет талаптар екендігі даусыз.
Министрмен кездесу барысында ҚазҰУ-дың факультет декандары, институт директорлары сөз алып, алдағы мақсат міндеттерді атқаруға сақадай сай екендіктерін жеткізді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі