"ҚазАқпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

10 маусым, 2011

«Жоғары мектеп менеджменті» курсы ҚР жоғары оқу орындарын басқарудың мәнін айқындауға мүмкіндік берді - Ә.Іңкәрбекұлы

АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ҚазҰУ-да өткен «Жоғары мектеп менеджменті» курсы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарын басқарудың мәні мен бүгінгі мәселелерін айқындауға мүмкіндік берді.

Бұл жайында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ Ғылыми бағдарламалар орталығының бастығы Әзберген Іңкәрбекұлы «Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп менеджментінің қазіргі жағдайы мен мәселелері» атты дөңгелек үстел барысында айтты.

Бұл курсқа 30 мамырдан бүгінге дейін еліміздің әр өңірінен келген 27 тыңдаушы қатысқан болатын.

Ә.Іңкәрбекұлы бұл шара ертеңгі күні еуропалық және дүниежүзілік білім беру кеңістігінде ЖОО табысты іс атқару үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үлгісін негізге ала отырып, менеджмент мәселесін қалай қою керек деген сұрақты шешуге бағыт бергендігін айтады. Сонымен қатар ол менеджменттің әлемдік үлгідегі жаңа қырларымен танысып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалғандығын жеткізді.

Ал, ҚазҰУ Біліктілікті арттыру институтының директоры Барлық Шайкенов курс барысында ҚазҰУ-дың менеджмент жағдайымен таныстырып, әріптестерімізбен тәжірибе бөліскендігін жеткізді. "Еліміздің ЖОО-ы ҚазҰУ-ды отандық білім және ғылым саласының көшбасшысы ретінде қабылдап, өздеріне үлгі етіп алады. Осыны ескеріп, университетте не атқарылып жатқандығын, қандай менеджменттік жүйелер қолданылатындығын, менеджментті қалай тиімді қолдану қажеттігінен дәрістер оқыдық», - дейді Барлық Шайкенов.

Сондай-ақ жиын барысында Біліктілікті арттыру институтының директоры университетте өткен «Жоғары мектеп менеджменті» курсының 2 топтағы бірінші тыңдаушыларына мемлекеттік үлгідегі куәліктерді табыс етті.