ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында тіл мәртебесіне арналған дәріс өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбайдың онлайн дәрісі өтті.
«Тәуелсіздік және мемлекеттік тіл» тақырыбында өткен дәріске Қазақстан, Түркия, Қырғызстан елдерінен белгілі лингвист-ғалымдар, оқытушылар мен білімгерлер қатысты.
Анар Бекмырзақызы сөзін халқымыздың азаттық жолындағы күресінен бастап, барша қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады. Тіл маманы қазақ тарихына тоқтала отырып, қазақ тілі, оның ішінде қазақ жазуы жөнінде мол мағлұмат берді. Тіл саясатының кешегісі мен бүгінін саралап, тіл тағдыры – ұлт тағдыры екенін айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп бүкіл қазақстандықтарға үндеу тастағанын да еске салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» дей келе, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстардың үздіксіз жалғасатынын айтқан болатын. Осы ретте профессор қазақ тілінің туған жерінде үстемдік құруы үшін жастарды ұлтжанды болуға, барлық жерде қазақ тілінде сөйлеуге шақырды.
Сөз соңында дәріскер тарихи тәжірибеден тағылым алудың маңыздылығына тоқталды. Өткеннен сабақ алып, болашақта қателіктерді қайталамауды баса айтты.
Білім алаңында өзге де ғалымдар тіл мәртебесі турасында өз пікірлерін ортаға салды. Олар мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде солқылдақтық танытпай, нық қадам жасау қажеттігін алға тартты. Дәрісті тыңдаушылар «Тек қана қазақша сөйлеу» бастамасын бірауыздан қолдап, ғалымға мазмұнды дәрісі үшін алғыс білдірді.
Шараға филология факультетінің қазақ тіл білімі кафедрасы ұйытқы болды. Қатысушылар дәрісті zoom платформасы мен фэйзбук парақшасы арқылы тыңдай алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі