Пандемияның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге әсеріFarabi University

Пандемияның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге әсері

8 мамыр, 2021

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі онлайн режимде "Пандемияның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге әсері: тенденциялары мен ықпалы" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференцияның барысында қатысушылар COVID-19 пандемиясының болашақта ТДМ-ға жалпы қол жеткізуге әсерін, сондай-ақ дамушы елдердегі жағымсыз салдарларды азайтудың негізгі тетіктерін талқылады.

Пленарлық отырыста тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің өзектілігі және осы мәселені шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеу талқыланды. РХДУ экономика факультетінің халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.д., профессор И.В. Андронова, Лимпопо университетінің профессоры С. Коллинз (Полокване қ., ОАР), Падуа университетінің профессоры Д. Челетти (Италия), "Жасыл Академия" ғылыми-білім беру орталығының директоры, э.ғ.д., профессор Б.К. Есекина, ҚР БҒМ ҒК ЭИ өңірлік экономика және инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі, э.ғ.д., профессор Ф.Г. Альжанова, э.ғ.д., экономика кафедрасының профессоры М.С. Тулегенова, Ухань университетінің саясаттану және мемлекеттік басқару мектебінің PhD докторанты Н. Еркін (Қытай) баяндамаларын ұсынды.

Конференция жұмысы пікірталас және талқылау түрінде келесі тақырыптық бағыттар бойынша өтті: «Пандемия жағдайындағы бизнес-технологиялардың заманауи тенденциялары мен стратегиялары»; «Пандемия кезіндегі дағдарысты басқару: механизмдер мен сценарийлер»; «Экономиканың ковидтен кейінгі дамуы: шындықтар мен мүмкіндіктері»; «Жаһандық сын-қатерлер жағдайында қаржы секторын «қайта жаңғырту».

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар пандемияның экономикаға әсері туралы жан-жақты талқылағаннан кейін, COVID-19 тек ТДМ-ға әсер етуін ғана емес, сонымен қатар қазіргі қоғамның барлық ауыр нүктелерін атап өтті: денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігі; әлеуметтік қорғаудағы олқылықтар; құрылымдық теңсіздік; қоршаған ортаның нашарлауы; климаттық дағдарыс және т. б.

Конференция шеңберінде «COVID-19 пандемиясы жағдайында Қазақстан компанияларының тұрақты дамуы» дөңгелек үстелі және «Ғылыми зерттеу үшін әдебиеттерге шолу жазу» мастер-классы ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге экономика және бизнес Жоғары мектебінің жас ғалымдары қатысты.

Конференция қорытындысы бойынша резолюция ұсынылды, онда пандемияның теріс әсерін азайту және отандық экономиканы қалпына келтіру бойынша негізгі қорытындылар мен нәтижелер, ұсыныстар атап өтілді, конференция материалдарының жинағын шығару жоспарлануда.