ҚазҰУ – QS әлемдік рейтингінде Орталық Азияда алда келеді

9 маусым, 2021

Қазақстанның жетекші университеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS WUR рейтингінде топ-200-ге кіріп, әлемнің үздік университеттері арасында кезекті рет көшбасшылық позициясын танытты. Посткеңестік елдерден бұл топқа тек екі университет – М.В.Ломоносов атындағы ММУ (78-орын) мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын) кіреді.


ҚазҰУ – әлемнің үздік топ-200 университеті қатарына алғаш енген және халықаралық академиялық сарапшылардың да, отандық жұмыс берушілердің де жоғары бағасын алған қазақстандық жалғыз жоғары оқу орны. Мұндай жетістіктер болашаққа үлкен сеніммен қарауға және жоғары мақсаттарға ұмтылуға мүмкіндік береді.

ҚазҰУ жаһандық ғылыми-білім беру қоғамдастығына белсенді ықпалдаса отырып, өз көрсеткіштерін әлемнің озық білім ордаларының халықаралық стандарттарына сәйкестендіру бағытында үлкен жұмыс жүргізуде. Әлемдік академиялық қоғамдастықтың мойындауы – университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін растайды және оған ҚазҰУ ұжымының мыңдаған қызметкерінің әрқайсысы өз үлесін қосуда.

Биылғы жылы QS WUR институционалдық рейтингіне әлемнің 97 елінен 1300 жоғары оқу орны қатысты. Айта кету керек, ҚазҰУ пандемияның әсеріне қарамастан QS by Subject рейтингінде 11 пәндік сала бойынша позициясын жақсартты. Сондай-ақ ҚазҰУ өте жоғары бағаға ие болып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» басымдық белгісін иеленген Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны атанды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі