Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтындары» көрмесі ашылды

7 қазан, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғалымдарының ашқан жаңалықтарының нәтижесі Кембридж университеті жанындағы Фицуильям мұражайында көрмеге қойылды. «Ұлы дала алтындары» атты көрмеде белгілі ғалымдар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары Зайнолла Самашев және Әбдеш Төлеубаевтің археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлер көпшілікке ұсынылды. 4 ай бойы Ұлыбритания тұрғындары мен музейге кез келген келушілер үшін халықаралық археологиялық сенсация аталып кеткен көне жәрігерлер қол жетімді болады.


Ұлыбритания жұртшылығы біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда Орталық Азияда, атап айтқанда Қазақстанның Алтай тау жүйесінде үстемдік еткен скиф өркениетінің жәдігерлері, сақ қорғандарынан табылған құнды дүниелерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Көрмеде Берел, Шілікті және Елеке Сазы сияқты үш түрлі қорымнан шыққан жүзге жуық археологиялық олжа қойылған. Экспозиция ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өндірісі және металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі болғанын көрсетеді. Бұл кезеңді ежелгі қазақтар тарихындағы «алтын ғасыр» деп те атайды. Ең бағалы экспонаттардың бірі – 15 000 алтын заттан тұратын «алтын адам» киімі. Бірегей алтын артефактілердің еуропалық аудиторияға бұл алғаш рет ұсынылуы. Бұл көрме Ұлыбританияға және бүкіл әлемге Қазақстанның көне мәдениетін танытуға арналған ерекше мүмкіндік. Экспозиция Фицуильям мұражайында келер жылдың 30-қаңтарына дейін ашық болады.