22 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ректорат мәжілісінде кафедра меңгерушісі лауазымына тағайындау байқауының нәтижесі жарияланған еді. Байқауға 120-дан астам үміткер қатысты. Нәтижесінде бұрынғы 99 кафедраның орнына ірілендірілген 63 кафедра жасақталды.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жаңа оқу жылында жаңа қызметке тағайындалған кафедра меңгерушілерін құттықтады. Бұрынғы кафедра меңгерушілерінің табысты атқарған еңбектеріне алғыс айтып, «Құрмет грамотасымен» марапаттады. «ҚазҰУ-дың Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында кафедралар іріленіп, факультеттер кластерлік негіздегі сипатқа бағыт алды. Кафедралардағы жаңашылдық жағдайлар университеттің бәсекеге қабілеттілігін нығайтады. Сол арқылы біз білім ордасын әлемдік биік сатыға көтереміз. Ол үшін шығармашылық пен жаңашылдыққа бай, мәдени орта қалыптастыруымыз керек... Бүгінгі тағайындалған кафедра меңгерушілерімен осы ортаны қалыптастырамыз деген сенім зор. Факультеттердің атауы өзгеріп оқу ордасы жаңарып, жаңғырып отыр. ҚазҰУ жаңа оқу жылында ұлттық зерттеу университетінің үлгісіне толық жақындады деп айтуға болады», - деді Ғалымқайыр Мұтанұлы.
Қайрат ЖҮСІПОВ,
ҚазҰУ-дың аппарат жетекшісі