Шет тілін үйретудің мобильдік оқытуын енгізуге байланысты халықаралық семинар өтті

27 тамыз, 2011

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 22-27 тамыз аралығында шет тілін үйретудің мобильдік оқытуын енгізуге байланысты Халықаралық семинар өтті.

Семинарда «So To Speak AB» Халықаралық компаниясының директоры, ағылшын тілін оқыту әдістемесінің авторы, полиглот, аудиокурстардың және шет тілін оқытудың авторы, еңбегі интернет желісінде компакт-дисктермен таратылған маман Карл-Сверре Хофсо және электронды оқытуды дамыту ҚБҚ Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, мультиплатформалар құрастырушысы, тіл курстарын ұялы телефондармен оқытумен қамтамасыз еткен Фуад Джаззар қатысушыларға тақырыптық дәрістер оқыды.

Семинарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шет тілдері пәнінің оқытушылары және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және қазақстандық басқа да жоғары оқу орындарының мамандары, халықаралық сарапшылар мен лекторлар қатысты.

Семинар барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, Инженерлік білім саласы бойынша халықаралық деңгейдегі оқытушы, профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев: «Бүгінде ағылшын тілін терең меңгеру қажет екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Әсіресе, біздің университет үшін аса қажет. Себебі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында. Бұл ретте ағылшын тілі оқу үдерісінде жоғары маңызға ие болу керек», - деген пікірді алға тартты. Профессордың айтуынша, шет тілін меңгеру кең еместігін айтып, кей оқытушылар, біраз студенттер әлі де ағылшын тілін толық білмейтіндіктерін тілге тиек етті. Алайда бәсекеге қабілетті болу үшін халықаралық тілді меңгеру заман талабы. Осы орайда профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев: «Елбасы 2020 жылға қарай халықтың 20 пайызы ағылшын тілін еркін меңгеру керек деген тапсырма қойды. Биылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әр факультетінде 2-3 пән ағылшын тілінде оқытылатын болады», - дейді. Ол үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына академиялық ұтқырлықты дамытып, шетелден профессорлар шақыртуға үлкен жағдай жасап отырғандығын жеткізді.

Семинар соңында қатысушылар Карл-Сверре Хофсо авторлығындағы танымал Хофсо әдісі бойынша шет тілін үйрету оқуынан өтті деген сертификаттар табыс етілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі