ҚазҰУ жастары «QAZAQSTAN» телерадио кешенін тазалауға көмектесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Алматы қаласындағы тәртіпсіздік кезінде өртке оранған «QAZAQSTAN» телерадио кешенін ретке келтіруге көмектесті. Олар қаланың белсенді жастары және еріктілерімен бірге ғимаратты өртенген заттар мен қоқыстардан тазартты.
Игілікті іске атсалысқан механика-математика факультетінің 4-курс студенті Абзал Әріпов: «Біз, ҚазҰУ жастары, көмек керек екенін білген сәтте дереу жиналып бардық. Ғимарат ішін бүлінген заттардан тазартып, қалпына келуіне бар септігімізді тигіздік. Мұндай зобалаң елімізде енді қайталанбаса екен», – деген тілегін жеткізді.
«Ойрандалған қала көшелерін көргенде жүрегім ауырады. Әсем қаламызды ретке келтіруге қол ұшын созғанымызға қуаныштымыз. Елімізде әрқашан тыныштық болуын тілеймін. Жарқын өмір мен ел игілігі үшін біз білімді және бәсекеге қабілетті болуға тиіспіз», – дейді 4-курс студенті Ұлдана Жүрсінәлі.
Сондай-ақ жастар «қиындықты тек бірлік пен ынтымақ арқылы ғана жеңе аламыз» деген ой-пікірлерімен бөлісіп, барша азаматтарды бейбіт өмірді бағалауға шақырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі