«Студенттік комплаенс» клубы құрылды

15 ақпан, 2022

«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында студент жастардың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» тақырыбында жиын өтті.

Кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы Бейбіт Сихымбаев жастарға сыбайлас жемқорлықтың зардаптары туралы түсіндіріп, білім ордасында академиялық адалдық қағидатын берік ұстануға үндеді.

Бейбіт Әбілмәжінұлы жастарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кеңесте ұсынған тұжырымдарымен таныстырып, түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру және жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұру керегін жеткізді.


Сонымен қатар жиын барысында «Студенттік комплаенс» клубы құрылып, филология факультетінің 2-курс студенті Әдина Тимурова белсенді жастар қатарынан жетекшілікке сайланды.

Бұдан бөлек, университет білім алушылары арасында «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты бейнеролик байқауы жарияланды. Қатысушылар өз жұмыстарын оқу орнының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметіне 15 наурызға дейін compliance.kaznu@mail.ru поштасына жолдай алады.

Сондай-ақ жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі басшысының орынбасары, аға комплаенс Сұлтан Демесінов, Жастармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Жұлдыз Есімова сөз сөйлеп, студенттерді емтиханға тыңғылықты дайындалуға, ел игілігі мен жарқын болашақ үшін сапалы білім алуға, жан-жақты дамуға шақырды. Білім алушыларға барлық факультет ғимараттары мен жатақханаларда орнатылған сенім жәшігіне шағым, ұсыныс, арыз қалдыруға болатынын да жеткізді.

Шара соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жемқорлыққа қарсы қызмет бағыттары бойынша мол мағлұмат алды.


 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі