- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жылдығына орай «Хантәңірінің Мұзбалағы» тақырыбындағы ашық сабақ
Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жылдығына орай «Хантәңірінің Мұзбалағы» тақырыбындағы ашық сабақ
Қазан айының 21-жұлдызында «Геодезия және картография», «Геоинформатика» мамандықтары 2-курс студенттерімен №5 Студенттер үйінде Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жылдығына орай «Хантәңірінің Мұзбалағы» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Мұқағали Мақатаев есімі бүгінде бар қазаққа мәшһүр. Ақын халқының сүйіспеншілігіне бөленген перзент. Қазақ халқын талантымен баурап алған Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Қарасаздың сұлулығы Мұқағалидың ақындық талантының қайнар көзі болды. Ақынның азан шақырып қойған аты – Мұхамметқали. Бірақ ата-анасы Пайғамбардың есімімен жүру ауыр тиеді деген ниетпен бала күнінен Мұқағали деп еркелетіп кеткен.
Әдебиет саласында жиырма бес жылдай уақыт жұмыс істеген Мақатаев мыңнан аса өлең жазды. Ол «Ильич», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Мавр», сондай-ақ әңгімелер мен повестердің, «Қош бол, махаббат» пьесасы мен заманауи қазақ поэзиясының мәселелері жарық көрген мақалалардың авторы. Поэзияның символы болған Мұқағали Дантенің «Құдіретті комедия» дастанының «Тамұқ» деген бірінші бөлімін аударды. Ол Шекспир, Уитман және шығыс ақындары мен орыстың заманауи жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысты. Өзінің шығармашылық дарынын көптеген жолдармен көрсетті.
Ашық сабақ барысында студенттер Мұқағали Мақатаев жайлы ақпараттармен танысып, ой бөлісіп, өз пікірлерін ортаға салды. Ақынның жырларынан үзінділер оқып, орындалып жүрген әндерімен танысты.