АЛИ АЛИ АХМАД ШАБАН, ПРОФЕССОР: ҚЫПШАҚ ДАЛАСЫ ЖАЙЛЫ ЖАЗБАЛАР ҚАЗҰУ-ҒА ЖЕТЕЛЕДІ
Мысырлық академик, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры Али Али Ахмад Шабан бізбен әңгімесінде өз тәжірибесін ортаға салды.
Профессор Али Али Ахмад Шабан – Каир қаласының тумасы. Ол ғылыми дәрежеде көптеген жетістіктерге жеткен. 1975 жылы Каир қаласындағы Аль-Азхар университетінің Африка тілдері бөлімін бітірсе, кейін Лондон университетінің практикалық тілдер ғылымы магистрі атанады. 1983 жылы Лондон университетінің жалпы тіл білімі мамандығының докторы дәрежесін алады.
Ол өзінің алғашқы қызметін Африка тілдері бөлімінде ассистент болып бастаған. 1983 жылдан бастап тілдер және аударма факультетінде тіл білімі пәнінің мұғалімі болады. Бірнеше жылдық тәжірибе мен еңбегінің арқасында осы факультетте профессор қызметін атқарады. 1989-94 жылдар аралығында Аль Имам Мухаммад бин Сауд университеті мұғалімдерді даярлау бөлімінің меңгерушісі болады. Сосын Қазақстанға қызығушылық танытып, Нұр-Мүбарак университетінде араб тілін оқыту факультетінде декан қызметін атқарады. Осы аралықта бірнеше жыл Нұр-Мүбарак университетінде қызмет еткен соң, Аль-Азхар университетінің тілдер және аударма факультетінің деканы болып ауысады. Ғылыми комитеттің шешімімен Аль-Азхар университетінде Африка тілдері және әдебиеттерінен доцент, профессорлардың білімін жетілдірген Египет-Ислам ұйымы жоғары мәжілісінің Шет тілдерді үйрену комиссиясының төрағасы дәрежесіне көтерілген.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы ең көне әрі беделді университет ретінде танымал. Оқу ордасы 1934 жылы құрылғаннан бастап, ғылым мен білімнің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатыр. Мемлекет қызметкерлерінің дені – осы оқу ошағының түлектері. Бұл университеттің тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Осы оқу ордасында қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Білімдегі тәжірибеммен бөлісу, студенттердің ғылымға деген ынта-ықыласын ояту – әрбір ұстаздың басты міндеті. Менің біршама еңбектерім, зерттеулерім «ҚазҰУ хабаршысы» журналына шығып, көптеген шәкірттердің қажетіне жараған болар деген үміттемін. Сондай-ақ ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасындағы ең көне араб тілін терең үйрететін мамандық бар. Оның түлектері Қазақстанның барлық университеттерінде араб тілі пәні бойынша дәріс беріп, ғылыми жұмыстармен айналысып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Марқұм, профессор Әбсаттар Дербісәлі ҚазҰУ-да шығыстанудың, Араб тілі кафедрасының негізін қалаушы болды. Бүгінде шәкірттері оның ізін басып, арабтану ғылымын насихаттауды өз мойнына алды, – дейді мысырлық профессор.
Оның ғылыми басылымдары, зерттеу жұмыстары көптеген оқу ордаларында студенттердің ғылыми ізденістерінде септігі тиіп жатыр. Мәселен, «Суахилия тіліндегі ғылыми терминдер мен өнер», «Суахилия тіліндегі үлкейту мен кішірейту белгілері», «Тілдік практикалық сабақтар», «Мысыр студенттерінің суахилия тілін оқудағы қателерінің анализі» т.б. зерттеу жұмыстары бар. Ал кітаптарына келетін болсақ: «Практикалық тіл білімінің оқылымдары», «Шет тілдерін үйренудегі мәдениет және контекс», «Аздаған мұсылмандардың юриспруденциясы», «Исламдағы балалар тәрбиесі» т.б. оқулық-кітаптары ағылшын, араб, қазақ, орыс т.б. тілдерде жарияланған.
Ғалым көптеген магистрлік, докторлық диссертацияларға Египетте, Сауд Арабиясы мемлекетінде, Қазақстанда тіл білімі және араб тілін оқыту әдістемесі мамандығына ғылыми жетекші. Сонымен қатар ол Египет, Сауд Арабиясы, Қазақстан, Италия, Голландия, Швейцария, Әзірбайжан, Малайзия, Австралия т.б. мемлекеттерде көптеген ғылыми еңбектерді талқылауға және зерттеу жұмыстарына арналған конференцияларға қатысқан. Осы конференциялардың кейбіреулерін басқарған. 2016 жылдың қыркүйек айында Германияда, Жотенжан университетінде өткен «Таным және ислам негізінен аббассия дәуіріне дейінгі білім» атты ғылыми конференцияны профессор Себастиан Жонтермен бірігіп ұйымдастырған.
– XIII-XV ғасырлар аралығында Мысырда қазіргі Қазақстан территориясынан шыққан мәмлүк-қыпшақтар билік жүргізіп, Алтын Орда мемлекетімен қарым-қатынасы жандана түсті. Сол кезде орын алған тарихи жағдайлар екі елдің саяси-әлеуметтік жүйесіне ғана емес, әдебиеті мен мәдениеті және тіліне де өз әсерін тигізді. Екі халық арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-тілдік байланыстардың нәтижесінде ортағасырлық Мысырда Қыпшақ даласы, түркі-қыпшақ мәдениеті, әдебиеті мен тілі туралы құнды мәліметтерден тұратын көптеген жазба ескерткіштер дүниеге келді. Осының барлығы менің ҚазҰУ-ға, қазақ даласына келуіме түрткі болды. Менің қызығушылығымды оятқан мәмлүктер билігі ҚазҰУ-дағы шәкірттеріммен бірге зерттеу жүргізу арқылы жалғасын тапты. Менің ҚазҰУ-дағы шәкірттерім Александрия және Каир қалаларында әлі күнге дейін сақталып қалған мәмлүктер билігі кезіндегі тарихи ескерткіштерді аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізуі, сол дәуірдің рухын сезінуге, тарихын терең түсінуге көмегін тигізді деп ойлаймын. Менің Алматы қаласына жасаған сапарларым барысында зерттеу жұмыстарына қатысты мәселелер, жұмыстың мазмұны мен негізгі бөлімдерін студенттеріммен талқыладық, оларға жан-жақты кеңестер бердім. Бұл екі ел мен екі университет арасындағы ынтымақтастықтың үлкен үлгісі дер едім. Осы орайда, мен ҚазҰУ-да Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының докторанты Құндызай Әубәкірқызына (PHD) дәрежесін алу үшін «Мәмлүктер билігі кезіндегі түркі-араб мәдени-тілдік байланыстары (XIII-XV ғғ.)» атты тақырыпта жазылған диссертациялық жұмысы бойынша жетекшілік еттім, – дейді шетелдік профессор.
Ол ҚазҰУ-да, басқа да оқу ордаларында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті. Оның айтуынша, 1989-94 жылдар аралығында Сауд Арабиясы мемлекетінде Имам Мухаммад ибн Сауд университетінде араб еместерге араб тілін үйрету бөлімінде 12 магистрлік диссертацияға жетекшілік еткен. Аль-Азхар университетінде төрт докторлық диссертацияға, Каир университетінде бір докторлық диссертацияға, ал Александрия университетінде екі магистрлік диссертацияға жетекші болған. Қазіргі таңда екі магистрлік диссертация және екі докторлық диссертацияға Аль-Азхар университетінде, бір магистрлік диссертация Абылай хан университетінде, үш докторлық диссертацияға ҚазҰУ-да жетекшілік етуде. Профессор ҚазҰУ-да атқарған қызметі үшін дән риза екенін, алдағы уақытта әлі де атқарар істердің мол екенін тілге тиек етті.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ