ҚазҰУ-да шетелдік студенттермен кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазғы мектеп аясында білім алып жатқан шетелдік студенттермен кездесу өтті. Оған университет басшылығы, оқытушы-профессорлар мен АҚШ, Йемен және Қытай елінен келген ізденуші жастар қатысты.
Шетелдік білім алушылар алдымен ҚазҰУ мұражайларын аралап, білім ордасының тарихына қанықты. Сонымен қатар қонақтарға көшбасшы университеттің алдағы даму жоспары кеңінен таныстырылды.
Шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева ашып, оқу орнының жетістіктеріне тоқталды.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде білім, ғылым мен инновацияны үйлестірген зерттеуші университет мәртебесіне ие. Ол ұлттық және әлемдік рейтингтерде дәстүрлі түрде көш бастап келеді. Биыл оқу орны QS WUR халықаралық рейтингінде бір жыл ішінде 25 позицияға жоғарылап, 150-орынға көтерілді. Сондай-ақ ҚазҰУ – «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз университет», – деп атап өтті проректор.
Қазіргі таңда университет қабырғасында әлемнің 52 елінен 2300 шетелдік студент білім алуда. Өткен оқу жылында ҚазҰУ-да 100-ден астам шетелдік профессор дәріс оқып, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Университетте халықаралық ынтымақтастық қарқынды жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда ҚазҰУ әлемнің 500-ден астам үздік жоғары оқу орны және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатқан. Университетте 120 қос диплом бағдарламасы және 19 ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен акедемиялық бағдарламалар бар. Erasmus+ халықаралық бағдарламасы аясында Испания, Франция, Румыния, Түркия, Литва, Ұлыбритания және тағы басқа шетел университеттерімен 39 жоба жасалды.
Сондай-ақ кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Нұржан Айдосов және Жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Мәдина Ысқақова сөз сөйлеп, студенттік ұйымдардың жұмысы жайлы мағлұмат берді.
Жүздесу барысында шетелдік жастар өз ойларын ортаға салып, алған әсерлерімен бөлісті.
АҚШ-тан келген Лили Эллиасевич: «ҚазҰУ-дағы «Жазғы мектеп» бағдарламасы менің тілдік қабілетімді дамытуға үлкен үлес қосты. Біз өз ойымыз бен сезімімізді тәулік бойы орыс тілінде жеткізетін ортаға толықтай ендік. «Жазғы мектеп» бағдарламасы тілді терең меңгерумен қатар, мәдени алмасуға және университет студенттерімен байланыс орнатуға ықпал етті. Қазақстан тарихымен етене танысуға жол ашты», – деген пікірін жеткізді.
Стэнфорд университетінің студенті Эндрю Келмансон жетекші университетте көп тәжірибе жинағанын айтты. «ҚазҰУ менің орыс тілін үйренуіме ерекше әсер етті. Жоғары кәсіби, қамқор әрі өз ісіне берілген ұстаздар қауымының еңбегін атап өткім келеді. Себебі профессорлар біздің жаңа орта мен мәдениетке тез бейімделуімізге көмектесті. Алматы және ҚазҰУ қалашығы өте ұнады. Мен шетелде өзімнің жан-жақты өскенімді байқаймын. Оған ҚазҰУ үлкен үлес қосты. Менде Қазақстан туралы өте жақсы және ең жылы әсерлер ғана бар. Бұл керемет тәжірибені ешқашан ұмытпаймын және қайтадан ораламын деп үміттенемін», – дейді Эндрю.
Шара соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ерекше қонақжайлығы үшін университет басшылығына алғыс білдірді.
Айта кетсек, «Флагман» бағдарламасы 2015 жылдан бастап ҚазҰУ жанындағы Америкалық және демократиялық зерттеулер орталығының негізінде жүзеге асырылуда. Содан бері офлайн және онлайн форматта 500-ден астам студент білім алды.
Қазіргі уақытта АҚШ-тан 45 студент Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңес және ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің бастамасымен «Флагман» бағдарламасы бойынша тәлім алуда.
Бұған қоса, Болон процесі және үкіметаралық келісім орталығы аясында жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті базасында Қытай, АҚШ, Йемен және Ауғанстаннан келген 18 студент қазақ және орыс тілдерін меңгеруде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі