Шетелдік талапкерлер ҚазҰУ-ға қалай оқуға түседі?

26 тамыз, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларына шетелдік талапкерлерді қабылдайды. Құжат қабылдау оқу орнында онлайн және офлайн форматта жүзеге асырылады.

«Бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша онлайн тіркелу жыл бойы ашық. Бұл өтініш беруді жеңілдетеді және қаржылай жағынан да айтарлықтай тиімді. Себебі өтінім беру үшін Қазақстанға келу міндетті емес. Тіркеу кезеңінен кейін кіріспе сынақтарынан да онлайн режимде өтуге болады», – дейді қабылдау бөлімінің мамандары.


Университетке түсу үшін шетел азаматтары kaznu.kz (https://univer.kaznu.kz/abiturient_user/register/11) порталына тіркелуі қажет. Ары қарай жеке кабинеттің «Online Registration» бөлімінде онлайн-сауалнамадан өту ұсынылады. Сонымен қатар шетелдік талапкер құжаттарды тіркеп, сауалнаманы толтырып, мамандықты таңдау қажет. Өз елінде сәтті өткен мемлекеттік емтихандардың нәтижелерін JPEG форматында тіркеу және сұхбаттасудан өту талап етіледі.  


Құжаттар тексеріліп, сұхбаттасу сәтті өткеннен кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқуға арналған келісімшарт ресімделеді. Ол оқудың барлық кезеңіне жасалады. Ал оқуға қабылдау туралы бұйрық шарт жасалып, оқу ақысы толық төленген соң шығарылады. Бұдан әрі визалық, сонымен қатар медициналық сақтандыруды ресімдеу жүзеге асады.

Оқуға қабылдау туралы бұйрықты алған шетелдік азамат Қазақстанға келген соң, екі күн ішінде ҚазҰУ-дың Интернационалдандыру және рекрутинг кеңсесінен тіркеуден өтуі және барлық қажетті құжаттарды өткізуі тиіс.

ҚазҰУ-ға оқуға түсу барысы жайлы толық ақпаратты төмендегі байланыс жолдары арқылы алуға болады:

What’s App, Telegram, WeChat +7 775 911 47 63;

Сайт: https://welcome.kaznu.kz/ru/welcome/foreign

E-mail: international@kaznu.kz  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі