ҚазҰУ-да дәрілік өсімдіктерден биопрепарат дайындайтын өндіріс ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы» базасында өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндірістің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен білім ордасының ғалымдары қатысты.
Ашылу салтанатына жиналғандар алдымен орталықты аралап, дәрілік препараттар әзірлейтін құрылғылармен жіті танысты. Орталық директоры Жанар Жеңіс құрметті меймандарға өндіріс туралы ақпарат беріп, кеңінен таныстырды. Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы 2019 жылы ашылған болатын. Ал бүгін орталық базасында биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайлар дайындайтын өндіріс ресми түрде ашылып отыр.
Шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, өндіріс жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде министр отандық ғылымды дамытуда осындай өндірістердің көп болуы маңызды екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытуға баса назар аударуда. Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Осы орайда, бүгін ашылып жатқан өндірістің еліміз үшін маңызы зор. Министрлік тарапынан қолдау көрсете отырып, орталық әзірлеген өнімдерді еліміздің дәріханаларына орналастырамыз. Бұл жұмыс арқылы біз тек қана коммерциялық мәселені жөнге қоймай, ұлттың денсаулығын жақсарту жағынан да ұтамыз. Табиғи дәрілік препараттардың құны арзан, жанама әсері аз, ал пайдасы мол болмақ», – деді министр Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев дәрілік препараттар медицина саласындағы өзекті мәселелерді шешуге сеп болатынын айтты.
«Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу. Яғни ғылыми орталықтың нәтижелі жұмысы елімізде көптеген түйінді мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өз елімізде өсетін дәрілік өсімдіктерді пайдалану арқылы көптеген әсерлі, табиғи негіздегі дәрілік заттардың, оның ішінде сырттан импортталып жатқан көптеген дәрілердің өзімізде өндірілуіне мүмкіндік ашылады. Орталық еліміздің медицина саласының өркендеуіне де, ел экономикасының дамуына да үлкен үлес қосары даусыз», – деді университет басшысы.
Бүгінде өндіріс соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Жоба авторы - Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жанар Жеңіс. Өз сөзінде ғалым отандық дәрілік өсімдіктерді зерттеу нәтижесінде түрлі биологиялық белсенді қоспалар дайындалғанын айтты.
«Қазіргі таңда өндірісте тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындадық. Сонымен қатар қант диабетіндегі қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіреміз. Мұның барлығы Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерден жасалады. Орталықта магистранттар мен докторанттар жұмыс істейді. Студенттер тәжірибеден өтіп, білімдерін жетілдіреді», – дейді жоба жетекшісі Жанар Жеңіс.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі