ҚазҰУ ректоры ардагерлерді мерекемен құттықтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, «Ұрпақ сабақтастығы» атты мерекелік іс-шара өтті. Алқалы жиынға ҚазҰУ мен Бостандық ауданының ардагерлері, оқытушы-профессорлар құрамы және студент жастар қатысты.
Ел ардақтыларын ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтады.
«Біз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қағидаға берік сүйенеміз. Қазақ «Қарты бар ел – қазыналы ел» деп, қашанда үлкенді құрметтеп, қариясын қадірлеген халық. Бүгінде университет жанындағы Ардагерлер кеңесінің тұрақты жұмыс істеп тұруы сіздердің ұжымға, білім алушы жастарға деген қамқорлықтарыңыздың белгісі», – дей келе, ректор ардагерлердің ҚазҰУ қалашығының дамуына, университеттегі оқу-білімнің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті.
Университет басшысы қара шаңырақтың жаңа жетістіктерімен бөлісіп, ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңінің жоспарын таныстырды. Сонымен қатар еліміздің өркен жаюына үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлерге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.
Жиында Бостандық ауданының ардагерлер мен зейнеткерлер кеңесінің төрайымы Асен Беспаева мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеғали Шеденов сөз алып, ыстық ықылас пен жанды жадыратар кездесу үшін алғыс білдірді. Қариялар алдағы университет жұмыстарына сәттілік тілеп, батасын берді.
Мерекелік тілек пен қошемет концерттік бағдарламаға ұласты. Көпшілік Бостандық ауданының «Ақсұңқар» ардагерлер ансамблі, ҚазҰУ-дың студенттік «Бақыт» шоу балеті мен «Жалын» домбырашылар ансамблі және №3 Оқушылар үйі жастарының өнерін тамашалады.
Сондай-ақ шара барысында 230 адамға әлеуметтік себет таратылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі