Көрнекті ғалым Өмірәлі Жалаири – 80 жаста
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев белгілі заңгер-ғалым, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры және негізін қалаушы Өмірәлі Жалаиридің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысты.
«Сіз мемлекеттік маңызы бар көптеген заңдардың қабылдануына тікелей атсалысып, құқықтық реформаларды жасауға атсалыстыңыз. Заң-құқық саласындағы зерттеу еңбектеріңіз ғылыми ортада мойындалып, жоғары бағаланды. Сіздің мол тәжірибеңіз бен еңбекқорлығыңыз кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге. Университет өзіңіздей қайраткер түлегімен мақтанады», – деді ЖОО басшысы өз лебізінде.
Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев профессор Өмірәлі Жалаиридің ҚазҰУ-дың заң факультетінің түлегі екенін, университетті қызыл дипломмен тамамдаған соң, аспирантураға түсіп, ғылымға бет бұрғанын, қара шаңырақ қабырғасында Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті және меңгерушісі қызметтерін атқарып, жиырма жылдан астам еңбек еткенін атап өтті.
«Университетте жұмыс істеген кезінде ол факультет пен университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. ҚазМУ-дың заң факультетінің оқытушы-профессорлар құрамының партбюро хатшысы, факультет парткомының мүшесі болды. Өмірәлі Жалаири заң білімі мен ғылымын дамыту саласындағы жетекші ұжымының жұмысына ешқашан бейжай қарамаған», – деді Жансейіт Түймебаев.
Жиында елімізде алғашқылардың бірі болып мемлекеттік емес университет негізін қалаған қайраткер тұлғаның өмірі мен қызмет жолы, адамгершілік, іскерлік қасиеттері туралы айтылып, жиылғандар мерейтой иесіне ізгі тілек, ыстық ықыласын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі