25 қазан – Республика күні

24 қазан, 2022

Құрметті оқытушы-профессорлар, студент, магистрант, докторанттар!

 

Сіздерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртқан ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияда Қазақстанның шекарасы, азаматтығы, дипломатиялық дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің басты алғышарты, негізгі тірегіне айналды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор.

Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке», – деп атап өтті.

Жаңа әлемдегі әділетті, жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген кәсіби мамандар, білікті ғалымдар ғана қалыптастыра алады.

Тәуелсіздік тұғырын нығайтып, жаңа Қазақстанның туын жықпай, мемлекетімізді биіктерге көтеру – бәрімізге ортақ міндет.

Көк туымыз желбіреп, еліміздің мәртебесі асқақтай берсін!

Баршаңызға мықты денсаулық, әр шаңыраққа бақыт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ