Насихатшылар тобы жұмысшылар ұжымымен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының жетекшісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған насихатшылар тобы бүгін «КЕЛЕТ» акционерлік ұйымының жұмысшыларымен кездесті.
Штаб төрағасы Жансейіт Түймебаев алдымен бүгінгі таңда отандық нарықты өнеркәсіптік және тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз ететін ұжым өкілдерінің қажырлы еңбегін атап өтті. Содан соң Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасының қарапайым еңбек адамының өміріне тікелей әсер ететін негізгі ережелерімен таныстырды.
«Қарапайым жұмысшы адамға мемлекет тарапынан барлық қамқорлық жасалуы тиіс. Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында әділ Қазақстанда шағын, орта және ірі бизнестің кез келген заңды кәсіпкерлік қызметіне лайықты орын қамтамасыз етілетінін атап өтті. Кандидатымыз алға қойған басты міндет – өз елінің нағыз патриоттарынан құралған дені сау, еңбекқор, әлеуметтік қорғалған қоғам құру. Оған жету үшін халықтың қолдауы қажет», – дей келе, Жансейіт Түймебаев жиылғандарды сайлауға белсене қатысуға шақырды.
Сонымен қатар қалалық штаб төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев әр азаматтың осынау сындарлы шақта байыпты шешім қабылдау қажеттігін айтып, кандидаттың бағдарламасында халықтың тыныс-тіршілігі, еңбегі, денсаулығы, білім, әл-ауқаты, құқығының қорғалуы басты назарға алынғанын баяндап берді.
Кездесуде сенім білдірген өкілдер сайлаушыларға Қасым-Жомарт Кемелұлының тұлғалық қасиеті, ел экономикасын өркендетуге қосқан үлесі жайында да әңгімелеп, үнпарақтар үлестірді. Мекеме қызметкерлерінің жұмыс барысымен етене танысып, көкейінде жүрген мәселелері мен талап-тілектерін тыңдады.
«КЕЛЕТ» АҚ негізі 1992 жылы қаланған. Отандық тауар өндіруші –қазақстандық жалпы өнеркәсіптік және тұрмыстық жабдықтар нарығының көшбасшысы.
Компания сорғы, желдеткіш, электрқозғалтқыш, компрессор, жылыту жабдықтары, тағы басқа көптеген тауар түрлерін өндіреді және Ресей, Италия, Германия, Венгрия, ТМД елдері мен Қытайдың жетекші өндірушілерінен тасымалдап жеткізеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі