«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

18 қаңтар, 2012

Ел экономикасы үшін пайдалы пайымдаулар

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Ғ.Мұтановтың ұйымдастыруымен белгілі экономист ғалым, Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Экономика институтының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы сәбденнің Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап шығарған 30 жылдан астам уақыт аралығында жазған еңбектерінің тұсаукесері болды.

О. Сәбден бүгінде республикамыздың ғылыми, саяси ортасында ғана емес, ТМД елдерінің жетекші, белгілі экономист ғалымдарының бірі ретінде де танымал. Экономика институтына басшылық етіп келе жатқан белсенді ғалымдар шоғырының көш басында тұрған ғалым. Автор аталмыш еңбектерінде Қазақстандағы нарықтық экономиканың дамуының консептуалды негіздерін талдап көрсете отырып, инновациялық экономикамыздың бәсекеге қабілетті стратегиясын жасау мен оны одан әрі дамыту мәселелеріне өзіндік көзқарасын баяндайды. Ол экономикалық манифест, әлеуметтік бағдарлы экономика тұжырымдамасын ұсынып отыр.

Ғалым республикамызда орын алып отырған экономикалы қиыншылықтармен зерттеуші ретінде бетпе-бет келіп, одан шығу жолдарының тәсілдерін өз пайымы тұрғысынан ортаға сала білген. Оның еңбектерінде экономикамыздағы сапалы өзгерістер әлемдік даму үрдерістерімен байланыстырыла қарастырылады, әсіресе Ресей ғалымдарымен инновациялық экономика проблемаларын бірлесе көтере отырып, интеграциялық байланыстардың екі жаққа да тиімділігін негіздейтін еңбектерді аса құнды деп білеміз. Сондай-ақ еңбектің бір томы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист Т. Рысқұловтың экономикалық көзқарастарын талдап таразылауға, оның еліміздің экономикасын дамытудағы қажырлы еңбегін көрсетуге арналған.

Мемлекет басшысына жасаған ұсыныстары да көптомдыққа жинақталып берілген. Бұл ұсыныстардың барлығы дерлік ғылыми тұрғыдан негізделген экономикамыздың әртүрлі мәселелеріне арналған автордың өзіндік ой-тұжырымдары. Олардың жалпы саны – 31. Берісі қазақстан, әрісі әлем елдері экономикалық ойының дамуына өзіндік үлес қосқан О.Сәбденнің 21 томдық экономикалық шығармалары оқырман қауымның игілігіне ұсынылды. Кітаптарды таныстыру рәсімінде белгілі экономист-ғалымдар – С. Сатыбалдин, Ө. Шәденов, академиктер: С. Сартаев, К. Ормантаев және т.б. көрнекті ғалымдар сөз сөйлеп, О. Сәбденнің еңбегіне өте жоғары баға берді.

Мұхтар Қазыбек