Ғылыми-әдістемелік семинар

27 желтоқсан, 2022

Семинар мақсаты: докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін талқылау, жас зерттеушілерді ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді тарту, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты дамыту.

Семинардың алғашқы спикері «Әлеуметтану» мамандығының 3 курс докторанты Тленчиева Шырын «Қазақстандағы бақыт деңгейінің әлеуметтанулық өлшемі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Тақырыптың өзектілігін айқындап, зерттеу бағытында жүргізілген эксперимент нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Дінтану» мамандығының 2 курс докторанты Алпысбай Марғұлан «Қазіргі Қазақстандағы діни конверсия мәселесі» тақырыбындағы баяндамасы тыңдарманның қызығушылығын арттырып, ғылыми ортада діни мәселеге қатысты қызу талқы орын алды. Ғылыми семинардың қорытынды спикері Серікбай Гүлжан «Қазіргі қоғамдағы адамның өзін-өзі жетілдіру стратегиялары» тақырыбында баяндама жасады және салмақты мәселелерді ортаға салды. Зерттеу нәтижелерінің көрсеткіштерін салыстырмалы талдау негізінде ұсынды.

Семинар барысында қатысушылар пікірталасқа белсенді қатысып, спикерлерге тақырыптары негізінде және докторантура оқу бағдарламасының талаптар кешеніне кіретін басылымдар бойынша бірқатар сұрақтар қойды.

Ғылыми іс-шара соңында факультет деканы Б. Б. Мейрбаев семинарды аяқтай келе іс-шараға қатысқан профессорлық-оқытушылар құрамына, белсенді қатысушыларға алғыс білдірді және жас ізденушілерге сәттілік тіледі.