Томонобу САКУРАЙ: ҚазҰУ-дың озық оқу ордасы екеніне тағы көзім жетті
Әлемде ғылым мен жоғары технология бойынша Күншығыс елі өзгелерден әлдеқайда алда тұрғаны белгілі. Жапон халқы білімі мен заманауи технологияларын мұқым жұртпен бөлісіп келеді. Кейіпкеріміз Томонобу Сакурай – Йокогама Тойн университетінің профессоры, PhD докторы. 1966 жылы 4 ақпанда Жапонияның Канагава өлкесінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дене шынықтыру және спорт кафедрасына шақырылған профессор.
Ғалым мансаптық жолын Йокогама ұлттық университетінен бастап, білім беру факультеті, білім беру саласындағы бакалавр дәрежесін алады. Ал болашақ ғалымға 1990 жылы Жаттығу және спорт ғылымдары зертханасы, Йокогама ұлттық университетінің білім беру факультеті, «Жаттығу қарқындылығына зәр лактатының әсері» тақырыбындағы диссертация үшін физиология бойынша магистр дәрежесі беріледі. 2012 жылы Токио ауыл шаруашылығы университетінің Экологиялық симбиотикалық ғылым департаментінің жоғары мектебі, «Қаңқа бұлшықетіндегі эксцентрлік бұлшықет жиырылуынан кейінгі бұлшықет регенерациясындағы азот оксидінің рөлі» атты диссертациясы үшін жаттығулар физиологиясы бойынша PhD дәрежесін алады.
2022 жылдың 13 қазанында Дене шынықтыру және спорт кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы жас ғалымдар және студенттер арасында Литвадан келген шетелдік ғалым Казис Милашиуспен бірге, профессор Томонобу Сакураймен онлайн кездесу өткізген-ді. Кафедраның оқу үдерісіне магистранттар мен докторанттарға дәріс оқып, семинарлар жүргізді. Сондай-ақ әріптестік байланыстарды дамыту және шет мемлекеттердің озық технологиялары мен инновациялық әдістерін меңгеру үшін аталмыш профессорлар тартылуда. Кездесу барысында Дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. Ә.Ысқақова шетелдік ғалымдармен ғылыми семинарлар, халықаралық конференциялар ұйымдастыру және өткізу, бірлескен мақалалар мен оқу құралдарын шығару, ғылыми тағылымдамадан өту және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою бойынша халықаралық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруды ұсынған болатын. Аталмыш кездесудің жемісі ретінде 23 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Дене шынықтыру және спорт кафедрасы Томонобу Сакурайдың «Дене шынықтыру және спорт ғылымын қаңқа бұлшықеттері тұрғысынан оқыту» бағдарламасы (72 сағаттық көлем) бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізді.
Семинар барысында еліміздегі дене шынықтыру ұстаздары мен спорт саласы мамандарының біліктілігін арттыру бағытында маңызды істер талқыланды. Мақсаты – еліміздегі дене шынықтыру деңгейін көтеру, ҚазҰУ-дың шетелдік профессорлармен ынтымақтастық аясын кеңейту және халықаралық аренада Отанымыздың намысын қорғайтын жаңа буын тәрбиелеу. Курстарға мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары және спорт мектептерінің жаттықтырушылары қатысты. Курстар дәріс және тәжірибелік шеберлік сабақтары түрінде спорт алаңында бірнеше секциялар бойынша өткізілді. Мысалы, спорт ғылымының негіздері, жүгіру, секіру және лақтыру негіздері, спорт ғылымының тәжірибесі, жаттығулар туралы ғылым, мәліметтерді талдау, болашақтағы спорт ғылымы. Дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Әлмира Ысқақова аталмыш іс-шара туралы өз пікірін ортаға салды.
– Жапон ғалымдарының ғылыми көзқарасы бізден көп жағынан ерекшеленетіні алғашқы дәрістерден-ақ аңғарылды. Профессор Томонобудың жоғары кәсібилігі мен ғылыми идеяларға деген құлшынысы бүкіл ұжымның бірлескен зерттеу-жобаларға деген қызығушылығын арттырып, серпін бере түсті. Осы үдеден шығу үшін алдағы уақытта оқу ордасындағы магистранттарға, докторанттарға және профессорлық-оқытушылық құрамға ғылыми тағылымдамадан өту жоспарлануда. Томонобу Сакурай бізді жапон университеттері ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырады деп сендірді. Профессор кәсіби жаттықтырушылар мен спортшыларға барлық прогрессивті әдістер мен өнертабыстарды жаттығу процесіне енгізудің қыр-сырын ашты. Сондай-ақ оқу үдерісінде және спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындауда бәсекеге қабілетті болуға ынталандырды, – деді кафедра меңгерушісі.
Томонобу Сакурай ең алғаш зерттеу және кәсіби тәжірибесін Токио Метрополитен университетінің жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Кинезиология кафедрасының ғылыми қызметкері ретінде бастайды. Висконсин-Мэдисон университетінің (АҚШ) кинезиология бөлімінің шақырылған ғалымы. Токио ауыл шаруашылығы университеті Биоиндустрия кафедрасының доценті. Қазіргі уақытта Йокогамадағы Тойн университетінің спорт ғылымдары жоғары мектебінің профессоры ретінде қызметін жалғастыруда.
Ғалымның зерттеу алаңдары: «Жаттығулар физиологиясы», «Жаттығу және денсаулық ғылымдары», «Спорт ғылымдары/жаттығулар физиологиясы/дене шынықтыру», «Жаттығу қаңқа бұлшықеттерінің зақымдануы мен бейімделуі», «Эксцентрлік жаттығулар мен қаңқа бұлшықеттерінің зақымдануын қалпына келтіру» тақырыптарын қамтиды. Бұған дәлел – профессордың әлемнің түкпір-түкпірінде жарияланған ғылыми мақалалары мен зерттеу жұмыстары. Мәселен, «Тері астындағы және висцералды майдың таралуы және күнделікті физикалық белсенділік: жас және орта жастағы әйелдер арасындағы салыстыру» (Британдық спорттық медицина журналы), «Ақ май жасушаларындағы үздіксіз жаттығулардан туындаған липолиздің адаптивті өзгерістерінің негізінде жатқан молекулалық механизм» (Journal of Obesity Vol), «Жаттығудың бір реті негізгі фибробласт өсу факторы (BFGF) арқылы қаңқа бұлшықетінің капиллярлық өсуіне әкеледі» (Патофизиология) т.б.
Томонобу Сакурай ҚазҰУ-да алған әсерімен бөлісіп, университет ұжымына ризашылығын білдірді.
– Азияның жүрегінде орналасқан, спорт саласы ерекше дамып, өркендеген Қазақ елі менің қызығушылығымды оятқаны рас. Бұл менің Қазақстанға келудегі екінші сапарым. Өткен жолы жайдарлы жазда Астанада болсам, бұл жолы қақаған қыста Алматыдамын. Сапарым қыспен тұспа-тұс келсе де, бұл мен үшін өте әсерлі оқиға болды. Семинарға қатысушылардың асқан білімі мен біліктілігіне тәнті болдым. Оқытушылар мен студенттердің ынтасына қарап Қазақ ұлттық университетінің озық оқу ордасы екеніне тағы бір көзім жетті. Дене шынықтыру және спорттағы жаңа технологиялар бойынша тамаша семинар ұйымдастырған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дене шынықтыру және спорт кафедрасына мың алғыс! – деді жапондық профессор.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ