Индикативтік жоспар көрсеткіші талқыланды

25 қаңтар, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңес отырысында индикативтік жоспардың орындалу барысы талқыланды. Кафедралар мен факультеттердің 2022/23 оқу жылының алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткішін Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева саралап берді. Сонымен қатар жиында Әл-Фараби кітапханасының жұмысы мен 2022 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының қорытындысы айтылды.

Гүлшарат Минажева өз сөзінде алдымен факультет деңгейіндегі оқу-әдістемелік жұмыстың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Бұл бағыт бойынша көрсетілген тоғыз көрсеткіштің алтауы оң нәтижелерге ие. Атап айтқанда, университет бойынша ағылшынтілді білім беру бағдарламаларында студенттер контингентінің үлесі орта есеппен 190 пайызды құрады. Мұнда тарих және заң факультеттері көш бастады.  


Ағымдағы оқу жылында шаруашылық есеп орталықтарының табысы едәуір ұлғайып, 166 пайызға көтерілді. Бұл бағытта заң, философия және саясаттану, биология және биотехнология, механика-математика, журналистика факультеттері жақсы нәтижеге жетті.

Бұған қоса, Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі мемлекеттік корпорацияның орталық филиалы ұсынған деректерге сүйенсек, 2022 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу үлесі жоғары. Университет бойынша орташа көрсеткіш 101 пайызды құрады, ал үздік үштікке – медицина және денсаулық сақтау, тарих, механика-математика факультеттері кірді.

Сондай-ақ Ғылыми кеңес қатысушыларына ОПҚ-ның халықаралық тағылымдама және QS WUR 300 тобы құрамына енген шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп әзірленген қолданыстағы қосдипломды бағдарламалар үлесі туралы ақпарат берілді. ҚазҰУ оқытушылары шетелдік тағылымдамадан жиі өтіп, біліктілік арттырады, бұл өз кезегінде оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмысына оң әсер етеді және көптеген көрсеткіштерде көрініс табады. Сонымен қоса, спикер ҚазҰУ-дың жоғары беделін атап өтіп, бірінші семестрде шетелдік студенттер саны артқанын жеткізді.

Келесі кезекте Гүлшарат Салауатқызы Scopus деректер базасына енген рейтингтік ғылыми журналдарда шетелдік ғалымдармен бірлесіп жарияланған мақалалардың, ОПҚ сыртқы дәйексөздерінің және эндаумент-қорға жиналған ақша көлемінің ұлғайғанына назар аударды. Жалпы, университет беделін бағалаудың екі көрсеткіші оң нәтижелерге ие және 100 пайыздан жоғары. Шетелдік және республикалық БАҚ-тағы жарияланымдар бойынша көптеген факультеттер жақсы нәтижелерге қол жеткізді. ҚазҰУ сарапшылары QS WUR рейтингінде жұмыс берушілер сарапшылары мен академиялық сарапшылардың деректер базасына кірді, бұл тиісінше 137 пайыз және 150 пайызды құрады.

«Бүгінде университеттің басты стратегиялық мақсаты – ғылым, білім және инновациялардың интеграциясына негізделген әлемдік деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыру негізінде отандық және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлау. Осы ретте жоспарға сәйкес, білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына басты басымдық беруіміз қажет», – деді орталық директоры.

Ғылыми кеңес барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев университеттің жетістігі индикативтік жоспардың барлық көрсеткіштерінің орындалуына байланысты екенін еске салып, барлық кафедралар мен факультеттер негізгі басымдықтар мен алдағы жоспарды жан-жақты талқылауы тиіс екенін атап өтті. «Бұл сапалы тәсіл мен орындауды қажет ететін бірлескен жоспарлы жұмыс. Оған барлық оқытушылар қатысуы керек. Біз беделді бағалау бойынша ғылыми-зерттеу қызметіндегі көрсеткіштерді арттыруымыз қажет», – деді ректор.       

2022 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының қорытындысы бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің ғалым хатшысы Ақмарал Сырғақбаева баяндады. Байқауға ҚазҰУ-дың 46 оқытушысы өтінім беріп, 27 оқытушы үздік деп танылды. Бір гранттың сыйақы сомасы 2000 АЕК-ті (6 126 000 теңге) құрайды. Байқау нәтижесінде физика-техникалық факультеті (4 жеңімпаз), химия және химиялық технология (4 жеңімпаз), механика-математика (4 жеңімпаз), ақпараттық технологиялар (3 жеңімпаз), биология және биотехнология (2 жеңімпаз), география және табиғатты пайдалану (1 жеңімпаз), философия және саясаттану (3 жеңімпаз), тарих (2 жеңімпаз), заң факультеті (1 жеңімпаз), филология (1 жеңімпаз), шығыстану (1 жеңімпаз), Экономика және бизнес жоғары мектебінің (1 жеңімпаз) оқытушылары үздік деп танылды.

Ғылыми кеңес соңында 2022/23 оқу жылына арналған индикативтік жоспар көрсеткіштерін арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі