Ашық есік күні

24 ақпан, 2023

«Ашық есік күні» іс шарасы бағдарламасының басты бағыттарында: біздің университетпен танысу айдары; «әл-Фараби және қазіргі заман» интеллектуалды викторина; «Болашақ мамандықтың түрін анықтау» тесті (QR код арқылы); университет базасымен таныстыру экскурсиясы; жазушы-этнограф және қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен кездесу.


Шараға Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Б. Б. Мейрбаев, саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Г.Ө. Насимова, әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, социология ғылымдарының докторы, профессор Г.С. Абдирайымова, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.К. Мынбаева, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Д. Құрманалиева, Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент А. Құранбек, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Н. С. Алгожаева, факультеттің профессорлық-оқутышылар құрамы, магистранттар мен докторанттар, шетел студенттері және 450-ге жуық оқушылар мен мектеп дирекциясының өкілдері қатысты.


Іс-шараның бастау алды бөлігінде мектеп оқушыларына арналған көрме ұйымдастырылды. Факультет құрамындағы мамандықтар туралы иллюстративті материалдар қойылып, «Мамандықтар тынысы» бейнероликтер трансляциясы жүргізілді. Көрмеге факультет ғалымдарының үздік ғылыми еңбектері, студенттердің жетістіктер каталогы, «Шет елдермен ынтымақтастық» бұрышы сынды қызықты әрі мазмұнды материалдары ұсынылды. Сонымен қатар, көрме барысында «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының ұйымдастыруымен «РУХОРДА» діни-мәдени мұражайының экспонаттары (кафедра докторанттарының қол-өнер бұйымдары негізінде), «Көне құнды жәдігерлер» экспонаттары, оқу-тәжірибелік энциклопедия бұрышы (кафедра ғалымдары мен студенттерінің шығарған журналдары мен энциклопедиялары), әлем халықтары мәдениетін бейнелейтін ұлттық бұйымдар көрмесі тамашалауға ұсынылды.

Көрме барысында қыштан бұйым жасау өнері және ағаш өңдеу шеберлігі бойынша шеберлік-сыныбы көрсетіліп, оқушыларды тәнті етті.


«Ашық есік күні» шарасының ресми бөлімі факультет деканы, филос.ғ.к., қауымдастырылған профессор Б. Б. Мейрбаевтың құттықтау сөзімен басталды: «....Біздің университет мемлекетіміздің ең үздік оқу орындарының қатарындағы жоғары оқу орны. Былтырғы жылы Университетіміз әлемдегі жоғары оқу орындарының арасында халықаралық QS рейтингісі бойынша 150-ші орынға ие болды, ол біз үшін үлкен мәртебе және мақтаныш.

Университетімізде 16 факультет тұрақты түрде көптеген мамандар даярлайды. Соның бірі Философия және саясаттану факультеті. Мұнда бүгінгі күнде еңбек нарығына қажетті мамандар дайынадайды. Факультет құрамындағы 6 кафедрада елімізге белгілі ғалымдар, тамаша педагогтар жұмыс атқарады. Студенттерге білім алуға толыққанды мүмкіндіктер қарастырылған. Кафедралар әлемнің мықты универитеттерімен серіктестік қызмет негізінде қосдипломды бағдарлама, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асырады. Университеттік кампус, бай кітапхана қоры, студенттер орталығы, барлығы студент-жастардың игілігіне бағытталған» -деп университеттің жетістіктері мен барша мүмкіндіктерімен таныстырып өтті.

Шараның мазмұнды бөлігін аша түскен факультет белсенді студенттерінің арнайы дайындаған «Менің мамандығым-мақтанышым» тақырыбындағы экспрессивті жарнама үлгісіндегі қойылымдары, «Болашақ мамандықтың түрін анықтау» тесті, «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасына қол жеткізу формуласының мотивациялық үндеуі, танымал киносыншы О. Борецкийдің жүргізетін киноклуб қызметі және оның факультет студенттерімен сабақтастығы жайындағы қысқаша сұхбаты, әл-Фарабидің тағылымды өміріне және еңбектеріне қатысты викториналық сұрақтар айдары, факультетімізде білім алып жатқан шетел студенттерінің өнері.

 


Шара аясында этнограф және қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың арнайы студент-жастар және оқушылармен кездесуі өтті. Батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апа жалпы ұлттық тәлім-тәрбие құндылықтары, салт-дәстүрлер, әдет-ұрыптар, ырымдар мен тыйымдардың мән-мағынасын, түпкі негізі жөнінен мол ақпарат берді. Өзінің тәжірибесімен бөлісе отырып, қазақ қыздарына, қазіргі жастардың тұлғалық болмысына, тәрбиесіне қатысты өсиет насихатын жеткізді. Кездесу барысында көрермен тарапынан сұрақтар легі де қойылып, нақты жауаптар беріліп отырды.

Сұхбат жүргізген философия кафедрасының доценті, филос.ғ.к. Лесхан Әмірханұлы Зейнеп апайға алғыс білдірді және университет тарапынан сый-құрмет көрсетілді.

«Ашық есік күні» іс-шарасының мәрелі бөлімінде философия және саясаттану факультеті деканының ҒИҚ және ХБ жөнінен орынбасары А.Б. Альчимбаева келген қонақтарға, ұйымдастырушы кафедралар мен белсенді студенттерге, аталған іс-шараға арнайы келуге ықылас білдірген Зейнеп Ахметова апайға алғыс білдірді және «әл-Фараби және қазіргі заман» интеллектуалды викториналық ойынға қатысқан жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хат табыстады.


 

 

https://drive.google.com/drive/folders/1YS3gNByoF-344607l5-1ziBg_aqusPJr