1 Наурыз – Алғыс айту күні құтты болсын!

1 наурыз, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары,

студенттері, магистрант, докторанттары!

 

Сіздерді 1 Наурыз – Алғыс айту күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің ғана емес, бір-бірімізге деген құрмет пен ризашылықтың жалпыхалықтық мейрамына айналды.

Ортақ тарихымыз бен қайырымдылық дәстүрлерімізді қастерлей отырып, жақындарымызды бағалап, алғыс білдіру мәдениетін жаңа сипатта жаңғырта алдық.

Адамгершілік қарым-қатынас орнатып, жанашырлық жасаудың, мейірімділік танытып, қолдау көрсетудің өзара үйлесімін қалыптастыра білдік.

Біртұтас ел болуды аңсап өткен бабаларымыз ежелден «Бірліксіз істе береке жоқ» деген қағиданы берік ұстанған.

Отаншылдық пен әділеттілік, еңбекқорлық пен ауызбіршілік қағидаты – Жаңа Қазақстанның басты ұстанымдарының біріне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтауында:

«Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі.

Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады.

Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды», – деп атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы мен қызметкерлері, білім алушы жастары әрдайым ұлттық құндылықтар мен ізгілікті дәріптеп, адалдықты насихаттап, еңбек адамын көтермелеп, заманымыздың қаһармандарына құрмет көрсетуді күнделікті дағдыға айналдырарына сенемін.

Әркім өз ісімен толық айналысып, жоғары білім мен ғылым саласын дамытып, университетіміздің абырой-беделін асқақтата береріне үміт артамын.

Көктемнің алғашқы күні елдік мұрат пен ортақ мақсаттар жолындағы әріптестік, ұжымдық жылы қарым-қатынастарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын.

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Көпұлтты мемлекетіміздің береке-бірлігі мен ырыс-ынтымағы арта берсін!

 

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің

Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ