ҚазҰУ QS by Subject рейтингінде жаңа жетістіктерге жетті
QS World University Rankings by Subject 2023 (QS WUR by Subject) әлемдік рейтингінің қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – қазақстандық және Орталық Азияның жоғары оқу орындары арасында дайындық бағыттарының 14 бағыты және бес пәндік саланың төртеуі бойынша сенімді нәтижелер көрсеткен жалғыз университет.
Биыл университет "География" бағыты бойынша алғашқы рет 151-200 позициясын иеленіп, әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енді. Сондай-ақ "Философия" бағыты бойынша көрсеткіштерін жақсартып, топ 101-150-ге енді. Сонымен қатар ағымдағы жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 542 білім беру бағдарламасының 25 пайызы QS by Subject рейтингіне енді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артық.
Дайындық бағыттарының бесеуі бойынша ҚазҰУ өзінің өткен жылғы жоғары позицияларын сәтті сақтап қалды: "Археология", "Ағылшын тілі мен әдебиеті" – 151-200, "Математика" – 251-300, "Физика және астрономия" – 451-500, "Химия" – 501-550.
QS by Subject рейтингінде ҚазҰУ-дың жетекші позицияларын нығайтуына университеттің озық ғылыми қауымдастықтармен, отандық және әлемнің әлеуетті жұмыс берушілерімен жемісті ынтымақтастық байланыста болуы өз ықпалын тигізді.
QS by Subject рейтингі ЖОО-ны бес индикатор негізінде: оның ішінде университеттердің академиялық беделі, түлектер туралы жұмыс берушілердің пікірлері, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми мақалаларына сілтемелер жасалу деңгейі, олардың Хирш индексі және университеттің әлемге әйгілі ұйымдармен халықаралық зерттеу байланыстары бойынша бағалайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының жарияланымдық белсенділігінің жоғары деңгейі және университеттің 500-ден астам жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен ауқымды ынтымақтастық қатынаста болуы оның зерттеу университеті мәртебесін және стратегиялық мақсатына қол жеткізуге дәйекті ілгерілеуін растайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымын жоғары жетістіктерімен құттықтаймыз және бұдан да үлкен жетістіктер мен табыстар тілейміз!