ҚазҰУ-да «Наурыз-Арт» суретшілер көрмесі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлыстың ұлы күніне арналған «Жаңа Қазақстан: Ұлтты ұйыстыратын құндылықтар» мерекелік бағдарламасы аясында суретшілер көрмесі өтті.
«Наурыз-Арт» аталған шарада танымал суретшілер мен кәсіби фотографтардың және оқытушы-студенттердің туындылары жұртшылық назарына тарту етілді.
Шараның мақсаты – Наурыз мейрамының жаңа тұжырымдамасын қоғамда кең көлемде насихаттау, жастар санасына орнықтыру және қылқалам шеберлері мен университет арасында шығармашылық байланыс орнату.
ҚазҰУ-да ұйымдастырылған көрмеге танымал суретшілер: ҚР Көркемсурет академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Амандос АҚАНАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нелли БУБЭ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бейсебек Ақанаев, Қазақстанның өнер қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясы президентінің орынбасары Марлен Нысанбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлов, Көркемсурет академиясының мүшесі Ахмет Ахат, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Руслан Ақанаев, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры, «Дарын» сыйлығының иегері Тоққожа Қожағұл, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қанағат Көдеков, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Нұрғожаев, Суретшілер одағының мүшесі Әлия Қабиқожаева өз жұмыстарын қуана ұсынды. Сондай-ақ кәсіби фотографтар: журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы, Баспасөз қызметінің бас маманы Марат Жүнісбеков, философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Досжан Балабекұлы обьективке ілінген ҚазҰУ көріністері мен оқытушы-профессорлар портреттері қойылды.
Оннан аса факультет оқытушылары мен жиырмаға жуық студенттердің әуесқой еңбектері де көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жоғары бағаға ие болды.
Барлық туындылар Наурыз тұжырымдамасындағы «Көрісу күні», «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Жоралғы күнін» негіздеп, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге арналды.
ҚР Көркемсурет академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Амандос Ақанаев өз сөзінде осындай игі-шаралардың жастар бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырып, мәдени танымын толықтырарына сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі